«Біздің қалағанымыздай жедел болмаса да, еліміз ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алды.
Біз әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын жан-жақты дамытуға айрықша назар аударамыз.
Мемлекет мақсатшыл, табанды, еңбекқор адамдарға әрдайым қолайлы жағдай жасайды.
Біз жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі.
Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – еліміздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын кедергілер.
Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек. Мен бұл туралы Тамыз конференциясында арнайы айттым. Енді осы мәселеге Құрылтай қабырғасында қайта оралғанды жөн көріп отырмын».
«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.
Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз.Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ. Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын».
«Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек.
Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз. Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады.
Елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы».
«ҮШІНШІ. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет.
Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады. Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат. Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет».





