Дауыс беру күні Түркістан облысындағы жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін арнайы көлік қызметі ұйымдастырылып, сайлау учаскелері бейімделеді әрі үйден дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Түркістан облысында ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушы тіркелген.
Олардың ішінде:
- 7 643 адам – көру қабілеті бұзылған;
- 3 865 адам – есту қабілеті бұзылған;
- 3 365 адам – тірек-қимыл аппараты бұзылған (арбамен қозғалатын азаматтар).
Облыстағы 952 сайлау учаскесінің барлығы қолжетімділік интерактивті картасына енгізілген. Учаскелер арнайы жабдықтармен, дауыс беруге арналған арнайы кабиналармен және пандустармен қамтамасыз етілген.
– Дауыс беру күні жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Түркістан облысында 65 инватакси және 49 әлеуметтік такси қызмет көрсетеді. Барлық 952 сайлау учаскесі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді нысандар мен қызметтердің картасына енгізілді. Арнайы дауыс беру кабиналары мен тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған жеке аймақтарды ұйымдастыру жұмыстары толық аяқталды, – деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.
Денсаулығына байланысты немесе өзге де дәлелді себептермен сайлау учаскесіне келе алмайтын Түркістан облысының тұрғындары заңда көзделген үйде дауыс беру құқығын пайдалана алады. Ол үшін дауыс беру күніне дейін тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беру қажет. Сайлау күні комиссия мүшелері көшпелі жәшікпен сайлаушының үйіне барып, дауыс беру рәсімін өткізеді.
Бұған дейін Шымкент қаласында да Құрылтай депутаттарын сайлауға орай сайлау учаскелерін бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін пандустар, тактильді жолақтар, шақыру түймелері, Брайль қарпімен жазылған трафареттер, қосымша жарықтандыру және автотұрақ орындары қарастырылып, бірқатар учаскелерде анықталған кемшіліктер жойылуда.


