Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда

Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда

Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап . Биыл өңірімізге аталмыш бағдарламаны іске асыруға2,059 млрд теңге қаржы бөлініп, 350-ден астам жобаны қолдау жоспарланған. Елді мекендердегі кәсіпкерліктің даму динамикасын «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшысы Әсет Сүлейменов өңіріміздің басты ақпарат алаңында өткен баспасөз-маслихатында баяндады. 
Облысымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы ағымдағы жылдың шілде айынан басталған болатын. Жоба 6 аудан мен оларға қарасты ауылдық округтерді қамтыды. Қазіргі таңда ӘКК кредиттік комитеті жалпы сомасы 1,92 млрд теңгені құрайтын 342 өтінімді мақұлдады. Оның ішінде 173 жоба қатысушысына 1,046 млрд теңгеге микрокредит берілді, - деп атап өтті Әсет Сүлейменов. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, шағын бизнес идеяларын құруға бағытталған жобада қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Қатысушы тұлғалар үйлерін кепілдікке қоя отырып, 2,5% мөлшерлемемен кредит ала алады.   Кредит беру мерізімі 5-7 жыл аралығын (мал шаруашылығы 7 жылға дейін, басқа да бағыттар 5 жылға дейін) құрайды. Қатысушылар алғашқы 24 айға кредиттік каникул алуға құқылы. Ағымдағы жылы берілген микрокредиттердің басым бөлігі мал шаруашылық саласын дамытушыларға берілген болатын. Сондай-ақ, омарта шаруашылығы мен наубайхана ашу жобалары да қарастырылып, жүзеге асырылуда, - деді спикер. 2024 жылы бағдарламаны Бесқарағай, Бородулиха, Жаңа-Семей аудандарымен қатар,  39 ауылдық округте іске қосу жоспарланған.


#Абай облысы, #Ауылшаруашылық, #ауыл, #Ауыл Аманаты