Аграрлық ғылымға серпін: Семейде қой селекциясының жаңа орталығы ашылды
Шәкәрім университетінде «Қой шаруашылығының селекциялық орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл – Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды ғылыми бастамалардың бірі,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Шәкәрім университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталған орталық Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Селекцияның тиімді әдістерін әзірлеу мен ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу негізінде өнімділігі жоғары қой популяцияларын құру» мақсатты-бағдарлы ғылыми жобасының аясында ашылды. Шәкәрім университетінің жанындағы Агротехнопарк ғылыми орталығында орналасқан зертхана заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Ашылу салтанатына Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қой тұқымы республикалық палатасының өкілдері, сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты.

Жаңа орталықтың негізгі қызмет бағыттары – қой шаруашылығында селекциялық әдістерді жетілдіру, генетикалық зерттеулер жүргізу, жоғары өнімді тұқымдарды іріктеу, өндірістік сынақтар ұйымдастыру және жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету. Бұл бастама ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда ғана ғалымдар қауымымен кездесуінде: «Кез келген дамыған, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны меңгеруіміз керек» деген болатын. Осы тұрғыда жаңа орталық – ғылымның нақты өндірістегі көрініс табуының жарқын үлгісі.
Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков:
«Бүгінде министрліктің қолдауымен Shakarim University базасында 40-тан астам ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Соның 70 пайызы қолданбалы сипатқа ие. Жаңа орталық – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл бастама өңір экономикасын нығайтып, ғылым мен ауыл шаруашылығын ұштастыратын маңызды алаңға айналады»- деп атап өтті.
Қазіргі таңда ғылыми зерттеулер Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тәжірибелік шаруашылықта жүргізілуде. Жобаға 50-ге жуық ғалым, докторанттар мен магистранттар, сондай-ақ, еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен серіктес университеттері тартылған. Жоба аясында қазірдің өзінде 4 патент алынып, халықаралық Scopus және Web of Science базаларында ғылыми мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, шаруашылықтарға арналған нақты практикалық ұсынымдар әзірленген.
Орталықтың басты мақсаты – өңірдегі қой шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыру, өнім сапасы жақсарту. Бұл бағытта жергілікті және шетелдік асыл тұқымдарды тиімді пайдалану көзделуде.

Ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Балнұр Ахметованың айтуынша, орталықта ең заманауи селекциялық әдістер қолданылып, жергілікті қой тұқымдарының сапалық көрсеткіштерін арттыруға басымдық беріледі.Айта кетейік, 1994 жылы дәл осы Семей өңірінде, бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институт базасында «Байыс қойы» деген атаумен тарихқа енген Байыс типі шығарылған болатын. Жаңа орталық осы игі дәстүрді жалғастырып, отандық селекцияны жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Осылайша, қой шаруашылығының селекциялық орталығы мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді өндіріспен ұштастыруға, өңірдегі шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға және отандық қой шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар, орталықта жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің мазмұны да терең әрі кешенді сипатқа ие. Бұл ретте 7М08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының магистранты Гүлім Камзаева өз зерттеу жұмысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, зерттеу барысында зоотехниялық, селекциялық және биометриялық әдістер кешені кеңінен қолданылған. Қойлардың негізгі өнімділік көрсеткіштері – тірілей салмағы, жүн өнімділігі мен өсімталдығы – жалпы қабылданған зоотехниялық әдістер негізінде бағаланған.

Малдарды іріктеу мен жұптау жұмыстары селекциялық-генетикалық тәсілдер арқылы жүргізіліп, будандастыру әдістері негізінде әртүрлі тұқымдардың шаруашылыққа пайдалы белгілерін жетілдіру көзделген. Сонымен қатар, малдардың экстерьерлік ерекшеліктері арнайы өлшеу және көзбен бағалау әдістері арқылы анықталған. Алынған деректерге биометриялық өңдеу жүргізіліп, вариациялық статистика әдістері қолданылған. Бұл тәсілдер зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен ғылыми негізділігін қамтамасыз етеді.
Осылайша, орталық қабырғасында жүзеге асырылып жатқан зерттеулер тек теориялық емес, нақты өндірістік маңызы бар нәтижелерге бағытталғанын көрсетеді. Ол ғылыми ізденістер мен инновациялық жобаларды жүзеге асыратын жетекші алаңдардың біріне айналмақ.