1 Қыркүйек – Білім күні мен Алғашқы қоңыраудың маңызы

1 Қыркүйек – Білім күні мен Алғашқы қоңыраудың маңызы

1 қыркүйек – еліміздегі ерекше күндердің бірі. Бұл – Білім күні, бұл – жаңа оқу жылының бастауы. Мектеп ауласында шаттық пен қуанышқа толы үндер естіледі, салтанатты сап түзеген оқушылар мен ерекше қобалжу үстіндегі ата-аналар, ұстаздар бұл күнді жыл сайын асыға күтеді.

Білім – ұлт болашағының басты іргетасы. Бұл күннің тек оқу жылының басталуымен ғана емес, үлкен тәрбиелік мәнімен де ерекшеленетіні сөзсіз. Білім күні – жас буынды білім мен ғылымға ұмтылуға, елін сүюге, биік мақсаттар қоюға жетелейтін сәт.

Бұл күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн ерекше есте қалады. Олардың мектепке деген алғашқы қадамы – үлкен өмірге бастайтын алғашқы жол. Қолдарында гүл, жүздерінде қуаныш пен үміт. Ұстазымен алғаш танысып, сыныптастарымен алғаш рет бір партада отырып, оқу әлеміне алғашқы сапарын бастайды. Бұл – әр адамның есінде сақталатын, ұмытылмас кезең.

Ал жоғары сынып оқушылары үшін бұл күн – өткен жетістіктерді саралап, алдағы мақсаттарға нақты қадам жасау сәті. Әр оқушы жаңа оқу жылынан жаңалық, даму, өзгеріс күтеді. Ал ұстаздар – өз шәкірттерін біліммен сусындатуға, болашаққа бағыттауға дайын.

Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, ол – тәрбие мен рухани дамудың алтын ордасы. Мұндағы ең басты тұлға – ұстаз. Ұстаз – шәкірттің жолын ашатын, жүрегіне жарық түсіретін, бағыт-бағдар беретін дана жан. Қиындығы мен жауапкершілігі мол осы мамандықты таңдаған жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.          

1 қыркүйек – бұл күн жай ғана күнтізбедегі дата емес, ол – білім мен тәрбие, арман мен мақсат, үміт пен болашақ тоғысатын күн. Бұл – оқушы, ұстаз, ата-ана – барлығының ортақ мерекесі. Әрбір жаңа оқу жылы – жаңа белестер мен табыстардың бастауы.

abaidan.kz ақпараттық агенттігі баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтайды! Жаңа оқу жылы табысты, берекелі, жарқын болсын!


#Білім