2024 жылы Абай облысында 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды

2024 жылы Абай облысында 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды

Оның ішінде: білім беру саласындағы 16 нысан, денсаулық сақтау саласында 67, спортта 9, мәдениетте 2 және әлеуметтік қамсыздандыруда 1 нысан бар. Бұл туралы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков атап өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында алты мектептің құрылысы басталды. Семей қаласының Ақсай кентінде 600 орындық, Восточный (оң) кентінде 300 орындық, Қарағайлы шағын ауданында 900 орындық, Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде 300 орындық, Ақсуат ауданы Екпін ауылында 300 орындық және Жарма ауданы Қалбатау ауылында 300 орындық білім ордалары салынбақ..   

Сонымен қатар, 66 нысанның құрылысы басталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 64 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, Аягөз ауданының аудандық ауруханасына арналған реанимациялық бөлімше салу, сондай-ақ Мақаншы ауылында құрылысы аяқталмаған дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу және реконструкциялау жұмыстары жүзеге асырылуда.

Курчатов қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, Шар қаласындағы бассейнді, Бесқарағай ауылындағы жүзу бассейнін, Бородулиха ауданы Петропавловка ауылындағы спорт-демалыс орталығын және Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы стадионды қоса алғанда, бес спорт нысанының құрылысы басталды.

Осы жылы Бородулиха ауданы Камышенка ауылында ауылдық клуб құрылысы басталды.


#Абай облысы, #мектеп