Семейде жастарға заманауи цифрлық дағдыларды үйретуге бағытталған «SKILLUP» жобасының алғашқы кезеңі өтті. Үш күндік оқыту барысында қатысушылар смартфонмен контент жасаудан бастап, жасанды интеллект арқылы анимация, инфографика және цифрлық қосымша әзірлеуге дейінгі практикалық дағдыларды меңгерді.

Жобаның алғашқы үш тренингіне 100-ден астам жас қатысты. Ұйымдастырушылар оқыту бағдарламасын жастар алған білімдерін бірден тәжірибеде қолданып көре алатындай практикалық форматта әзірледі.
Алғашқы күн «Смартфонмен контент жасау және монтаж» тақырыбына арналды. Контент-продюсер Қуаныш Омар қатысушыларға смартфон арқылы сапалы фото және видео түсіру, кадр құру, контентті өңдеу мен монтаждаудың негізгі тәсілдерін көрсетті. Тренинг барысында жастар теориямен шектелмей, өздері контент әзірлеп, жаңа құралдарды іс жүзінде қолданып көрді.

Екінші күні жасанды интеллект мүмкіндіктеріне басымдық берілді. Семей қаласындағы Astana Hub филиалының басшысы, кәсіпкер Әнет Тұрсынжан «AI-анимация және деректер визуализациясы» тақырыбында практикалық тренинг өткізді.
Қатысушылар AI құралдарының көмегімен анимация жасауды, ақпаратты визуалды форматта ұсынуды және идеяны цифрлық өнімге айналдыру жолдарын меңгерді. Сонымен қатар дайын өнімді аудиторияға тиімді таныстыру және оны нарыққа ұсыну тәсілдері талқыланды.
Үшінші күні қатысушылар жасанды интеллект көмегімен өздерінің цифрлық өнімдерін жасауға кірісті. IT саласының халықаралық сарапшысы Асхат Мұқанов «ЖИ арқылы мәтін және цифрлық өнім жасау» тақырыбында тренинг өткізді.
Жастар жасанды интеллектке дұрыс әрі тиімді промпт құруды, мәтін, инфографика және басқа да цифрлық материалдар әзірлеуді үйренді. Бұдан бөлек, қатысушылар vibe coding тәсілін пайдаланып, өз мамандықтары мен қызығушылықтарына сәйкес цифрлық қосымшалар жасап көрді. Осылайша, олар идеяны қалыптастырудан бастап, оны нақты цифрлық өнімге айналдыруға дейінгі үдерісті тәжірибе жүзінде өткерді.

«SKILLUP» жобасының басты ерекшеліктерінің бірі – қатысушыларға жаңа технологиялар туралы ақпарат берумен ғана шектелмей, оларды нақты құрал ретінде пайдалануды үйрету болды. Үш күн ішінде жастар контент әзірлеп, видео монтаждады, AI-анимация жасап көрді, деректерді визуализациялады және өздерінің цифрлық өнімдерін ұсынды.
«SKILLUP» жобасы бір реттік оқытумен шектелмеді. Бір айға жоспарланған жоба аясында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және заманауи еңбек нарығында қажет практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасты.
«SKILLUP» жас мамандарды оқыту және қолдау жобасы Абай облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.





