Абай облысында 100 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды
Өңірде 2025–2026 оқу жылының қорытындысы шығарылуда: білім сапасының көрсеткіші артты, түлектерге арналған емтихан мерзімдері бекітілді, сондай-ақ жазғы сауықтыру науқаны мен бірінші сыныпқа қабылдау жоспары белгіленді.
Ағымдағы оқу жылында облыстың 314 мектебінде 100 649 оқушы оқуын аяқтайды. Оның ішінде 15 304-і – 9 және 11-сынып түлектері.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова өңірде білім сапасының өскенін атап өтіп, оқу үдерісінің аяқталу мерзімдері айқындалғанын жеткізді.
– Жалпы облыс бойынша білім сапасы 66,4%-ды құрады. Бұл өткен оқу жылындағы 64%-дық көрсеткіштен жоғары. Қалалық мектептерде бұл көрсеткіш 65,6%-ға, ауылдық жерлерде 67,2%-ға жетті. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады, – деді спикер.
Айжан Құрманованың айтуынша, 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік қорытынды аттестаттау кестесі бекітілді.
– Мемлекеттік емтихандар 2–15 маусым аралығында өтеді. Оның ішінде Қазақстан тарихынан ауызша емтихан, алгебрадан, оқу тілі бойынша және таңдау пәндері бойынша жазбаша емтихандар бар. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 16–18 маусым күндеріне жоспарланған, – деп нақтылады ол.
Спикер сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеу, бірінші сыныпқа қабылдау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері туралы ақпарат берді.
– ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында электрондық форматта өтеді. Түлектер тестілеуді екі рет тапсыра алады. Биыл 6 065 түлектің 5 651-і ҰБТ-ға қатысуды жоспарлап отыр. Бірінші сыныпқа қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі, мектеп табалдырығын 10 155 бала аттайды деп күтілуде. Жаз мезгілінде 10 сауықтыру орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен әлеуметтік осал санаттағы 5 мыңға жуық бала демалыспен қамтылады, – деп қорытындылады Айжан Құрманова.
#Абай облысы, #Білім, #Оқушы, #білім беру