Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Білім 73 қаралымabaidan.kz

Абай облысында Тілдер күніне орай 231 іс-шара өткізіледі

Абай облысында Тілдер күніне орай 231 іс-шара өткізіледі

Абай облысында Қазақстан халқының Тілдері күніне орай 4-5 қыркүйек күндері 231 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде тұрғындардың қатысуымен өтетін 63 ауқымды шара бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан хабарлады.

— 2025 жылы тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес республикалық және облыстық деңгейде 30-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Биыл 26 шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға өзге этнос өкілдерін де кеңінен тартуға басымдық берілуде, — деді басқарма басшысы.

4 қыркүйекте Семей қалалық мәдениет сарайында «Тіл – татулық туы» облыстық фестивалі өтеді. Шара барысында тіл жанашырлары марапатталып, түрлі этностардың салт-дәстүрін таныстыратын көрме, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық көрме және концерттік бағдарлама ұсынылады.

Бұдан бөлек, 5 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Тілдер шеруі» айлығы өткізіледі. Оның аясында тіл апталықтары, дөңгелек үстелдер, көрмелер, түрлі байқаулар мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жанжігіт Омархан мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған жұмыстар тек Тілдер күнімен шектелмейтінін атап өтті.

— Мемлекеттік тілдің дамуына қатысты жұмыстар жыл бойы жалғасады. Абай облысында «Мемлекеттік тіл – іс қағаздар тілі», «Qazaqsha quiz», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Сөз дода» сияқты жобалар мен түрлі айлықтар өткізіледі. Бұл шаралардың басым көпшілігі өзге этнос өкілдерінің белсенді қатысуымен ұйымдастырылады, — деді ол.

Білім беру жүйесінде де тілдерді оқыту сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Темірлан Қалелов хабарлады.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда облыста қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 1219, ағылшын тілінен 1014, орыс тілі мен әдебиетінен 788 педагог жұмыс істейді. Өткен оқу жылында тілдік пәндер бойынша 146 әдістемелік іс-шара өткізіліп, оған 2500-ден астам педагог қатысты.

— Тілдерді сапалы оқытудың негізгі факторы – білікті педагог. Біздің мақсатымыз – әрбір педагогтің заманауи әдістемелерді меңгеруіне, цифрлық құралдарды тиімді пайдалануына және оқушының тілдік дағдысын дамытуға қажетті жағдай жасау, — деді Темірлан Қалелов.

Мемлекеттік тілді меңгерту жұмыстары мектепке дейінгі ұйымдардан басталады. Басқа тілде оқытатын балабақшаларда үш жастан бастап қазақ тілін үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы жүзеге асырылуда.

— Қазақстан халқының Тілдері күніне орай білім беру ұйымдарында да бірқатар іс-шара жоспарланып отыр. 3 қыркүйекте 9-11 сынып оқушылары арасында Бірыңғай ұлттық диктант өткізіліп, оған 12 мыңға жуық оқушы қатысады. Ал 5 қыркүйекте «Тіл – халықтың жаны» тақырыбында танымдық сабақ-викторина 26 қосымша білім беру ұйымында ұйымдастырылады, – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар «Лингво Лэнд» облыстық зияткерлік конкурсына 3-11 сыныптардан 3000-ға жуық оқушы қатысады деп жоспарланып отыр.

Өңір оқушылары тіл мен әдебиетті насихаттайтын байқауларда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Облыстық деңгейдегі 10 және республикалық деңгейдегі сегіз байқауға қатысқан 466 оқушының 256-сы облыстық кезеңде жеңімпаз және жүлдегер атанған. Республикалық байқауларға қатысқан 60 оқушының 31-і жүлделі орындарға ие болды.

— Мемлекеттік тілді цифрлық кеңістікте дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2025-2026 оқу жылынан бастап облыста Akelius Digital Language Learning халықаралық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін интерактивті форматта меңгере алады. Алдағы оқу жылында жобаны өңір мектептеріне кеңейту жоспарланып отыр, – деп қорытындылады спикер.