Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты мақаласы еліміздің қазіргі даму бағытын айқындайтын маңызды саяси-идеялық еңбек. Мақалада алдағы уақытта ұлттық дамудың басым бағыттары нақты көрсетілген,-дейді Мақсат Кәрібек. Бұл Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани тұрғыдан жаңаруға дайын мемлекет екенін айқын көрсетеді.

Мақалада саяси реформаларға ерекше көңіл бөлінген. Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын дамыту – демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар. Халық өз пікірін еркін білдіре алатын қоғам – тұрақты мемлекеттің негізі.

Экономикалық даму мәселесі де мақалада басты орын алады. Президент шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканы әртараптандыруға шақырады. Инновация, цифрландыру, шағын және орта бизнесті қолдау ел экономикасының тұрақты өсуіне жол ашады. Бұл бағыт жастар үшін жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіби дамуға мүмкіндік береді.

Білім мен ғылымға инвестиция салу – Президенттің стратегиялық міндеттердің бірі. Білімді, ойы ашық, жауапты жастар елді алға жетелейтін ең сенімді күш екенін атап көрсетуі орынды. Жаңа Қазақстанды құруда әрбір жас өз білімін ел игілігіне жұмсауы тиіс.

Сонымен қатар, туризмді дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Қазақстанның табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын пайдалана отырып, туризмді экономиканың маңызды саласына айналдыруға болады. Экотуризм мен мәдени туризмді дамыту аймақтардың өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және еліміздің халықаралық беделінің артуына мүмкіндік береді.

Мақалада отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі де ерекше айтылған. Елін сүйетін, тарихын құрметтейтін азамат қана мемлекеттің дамуына адал қызмет етеді. Ұсынған реформалар ұлттық дәстүрлер мен заманауи құндылықтарды үйлестіруге бағытталған.

Қорытындылай келе, «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» мақаласы – еліміздің даму жолын айқындайтын бағдаршам іспеттес. Бұл мақала әр азаматты өз болашағына ғана емес, мемлекет тағдырына да жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қазақстанның азаматы ретінде жаңғыру үдерісінен тыс қалмай, білім алып, адал еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосу – әрбір азаматтың парызы.


#ҚР Президенті, #білім беру, #Шәкәрім