Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аустралияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі Мёрдок университетінің делегациясымен кездесті. Кездесуге Мёрдок университетінің жаһандық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары Саймон Джон МакКирди, тамақ өнеркәсібін дамыту перспективалары институтының проректоры Питер Мостин Дэвис, сондай-ақ, Мёрдок университетінің Дубай кампусының атқарушы директоры және стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков қатысты.

Мёрдок университеті – QS World University Rankings 2027 әлемдік рейтингінде 422-орында тұрған жетекші мемлекеттік зерттеу университеті. Университет ауыл шаруашылығы, ветеринариялық медицина, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары салаларында жоғары ғылыми әлеуетке ие. Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық ұтқырлықты арттыру, сондай-ақ, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Абай облысында Мёрдок университеті филиалын ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бастама өңірде халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы облыс әкімдігі филиалдың жеке ғимаратын салу үшін Smart City ауданынан жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
«Абай облысы – ежелден ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына бейім өңір. Сіздерге Абай облысымен әріптестік-достық байланысты дамытуға қызығушылық білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Білім мен ғылымды дамыту, озық технологияларды қолданысқа енгізу, сол мақсатта халықаралық серіктестікті нығайту – біздің өңіріміз үшін негізгі бағыттардың бірі. Осы орайда әлемдік деңгейдегі ғылыми әлеуеті мен халықаралық тәжірибесі жоғары Мёрдок университетімен орнатылған әріптестікке ерекше мән береміз. Мёрдок университетімен серіктестік орнатуды білім, ғылым және өндірісті байланыстыратын стратегиялық маңызы бар мүмкіндік деп бағалаймыз. Осы мақсатта Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу бастамасын облыс әкімдігі толық қолдайды. Бұл халықаралық деңгейдегі мамандар даярлауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және озық технологияларды өндіріске енгізуге кеңінен жол ашады. Кеңес үкіметі кезінде Семейде ірі ет комбинаты болған. Қазіргі таңда соны қайта жаңғыртып, Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін ірі ет комбинатын салып жатырмыз. Құрылысы жуықта аяқталатын кәсіпорын австралиялық заманауи технологиямен жабдықталатын болады. Мұндай жобаларды табысты іске асыру үшін заманауи технологиямен қатар, білікті мамандар, сапалы ғылыми зерттеулер және халықаралық тәжірибеге негізделген білім қажет», – деді Берік Уәли.

Қонақтар Абай облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін айтты
«Аустралия Қазақстаннан алыс орналасқанымен, екі елдің табиғи жағдайы, жері мен климаты ұқсас. Қазақстанда ұзақ мерзімді әрі нәтижелі серіктестік орнатуға мүдделіміз. Бүгін таңертең Шәкәрім университетіне барып, ғалымдармен кездескен кезде олардың зерттеу бағыттарының біздің жұмысымызбен толық сәйкес келетінін көрдік. Негізгі ғылыми бағыттармен таныстық, Қазақстанда, оның ішінде Семейде филиал ашуға ниеттіміз. Бізді қолдап, жылы қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!», – деді Мёрдок университетінің жаһандық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары Саймон Джон МакКирди.

Бүгінде Абай облысы Аустралиямен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Қазақстанның 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында Аустралияның қой шаруашылығы, селекция, өнімді терең өңдеу және экспорттық өндіріс тәжірибесі өңір үшін маңызды. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов бастаған делегация Аустралияның озық тәжірибесімен танысып қайтты.





