Абай облысы бойынша туберкулезге қарсы жұмыстар жалғасуда

Абай облысы бойынша туберкулезге қарсы жұмыстар жалғасуда

2023 жылы облыс бойынша туберкулезбен сырқаттанғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Абай облысы санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаменті" РММ басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. 
- Жалпы туберкулезбен ауырғандардың ішінде 4,0 %-ы 14 жасқа дейінгі балалар және 2023 жылы балалар арасында туберкулезбен ауырғандардың сырқаттанушылық көрсеткіші бір деңгейде. 2024 жылдың 2 айында туберкулездің 43 жағдайы тіркеліп, аурушандық 8,9 % төмендеді. Бұл аурудың алдын алу үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу керек, - деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.

Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Иә, біз туберкулезді жеңе аламыз» атты бір айлық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, мемлекетімізде 6-7 жастағы балаларға туберкулезге қарсы ревакцинацияны алып тастау ұсынылған.

- Аурудың профилактикасы және оның алдын алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда БЦЖ вакцинасын егу жүргізіледі. Облыс бойынша жаңа туған балаларды туберкулезге қарсы екпемен қамту нәтижесі 95,6% құрады. Жыл басынан бері перзентханаларда 9816 нәресте туылып, оның ішінде 9383 балаға БЦЖ екпесі салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады - деді Айгүл Тоқтабаева.

Санитариялық-эпидемияға қарсы профилактика инфекцияның таралмауы үшін бағытталған ересек тұрғындарды тұрақты флюорографиялық қарап-тексеруден өткізу және балалардағы туберкулезді уақытылы анықтау үшін тәуекел тобындағы балаларға манту сынамасын қою тәрізді шаралар кешені қамтылған. 

Туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды уақтылы тұрақты қарап-тексеру және халықтың сауаттылығын арттыру аурудың таралмауы үшін қойылған басты міндеттердің бірі болып саналады.


#Денсаулық, #Абай облысы