Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің 10 жылдығына орай медициналық қызметтерді жеткізушілер арасында ұйымдастырылған дәстүрлі «Медициналық көмектің флагманы – 2026» байқауы мәресіне жетті. Үшінші жыл қатарынан өткізілген бұл шара медициналық ұйымдардың үздік тәжірибелерін анықтап, қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Бұрын аталған байқауға тек алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар қатысып келсе, бұл жолы облыстағы 59 медициналық қызмет жеткізушінің барлығы дерлік қамтылды. Жеткізушілер бағытына қарай екі топқа бөлініп сынға түсті:
- 1-топ: Алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдар.
- 2-топ: Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін ұйымдар.
Бағалау қаржылық тұрақтылық, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі сараптаманың тиімділігі, қаржылық тәртіп және Qalqan ақпараттық жүйесіндегі белсенділік сияқты алты негізгі бағыт бойынша жүргізілді.
Байқаудың оң ықпалы нәтижесінде пациенттер тарапынан түсетін арыз-шағымдар мен өтініштер айтарлықтай азайған. 2026 жылдың есепті кезеңінде 30 өтініш тіркелсе, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 118-ді құраған болатын. Бұл — шағымдардың шамамен 74%-ға төмендегенін білдіреді. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар халықпен байланысты күшейтіп, әлеуметтік желілерде 146 ақпараттық-түсіндіру материалын жариялаған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Ельмира Рахимбаева байқаудың негізгі мақсатына тоқталды:
«Үш жыл ішінде байқау медициналық ұйымдардың үздік тәжірибелерін анықтап, оларды кеңінен таратуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Ең бастысы – медициналық қызметтерді жеткізушілердің табысты тәжірибесін көрсету және оны басқа ұйымдарға үлгі ету».
Сараптама қорытындысы бойынша өз бағыттарында үздік шыққан мекемелер:
- Алғашқы көмек, консультациялық-диагностикалық және жедел жәрдем бағыты бойынша: «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК.
- Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек бағыты бойынша: «Облыстық перинаталдық орталық» ШЖҚ КМК.
Жеңімпаздарға Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан күнделікті жұмысқа қажетті пульсоксиметрлер мен небулайзерлер табысталды.
Өңірде медицина саласын қаржыландыру көлемі артып келеді. Егер 2025 жылы медициналық қызметтерді қаржыландырудың жалпы көлемі 94,829 млрд теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 96,166 млрд теңгеге жетіп, 1,3 млрд теңгеден астамға ұлғайды.
Ельмира Рахимбаева МӘМС жүйесінің халық үшін маңызын былай түйіндеді:
«Қаржыландыру мен МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері медициналық ұйымдардың нақты жұмысынан көрініс табуы маңызды. Бұл – медициналық қызметтерді дамыту, пациенттермен өзара іс-қимылды жетілдіру және халық үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру. «Медициналық көмектің флагманы» – ең алдымен адамдар үшін ұйымдастырылатын жоба».





