Абай облысындағы барлық медициналық ұйымдарда карантин енгізілді
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің «Семей қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-нің барлық медициналық ұйымдарда карантин белгілеу, ағымдағы дезинфекцияны күшейту, жиі желдету, келушілердің келуін шектеу туралы 13.11.2023 жылғы № 3543 хаты негізінде Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы «Абай облысында қызылшамен сырқаттануды тіркеу кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру» туралы 13.11.2023 жылғы № 296-НҚ бұйрық шығарып, соған сәйкес барлық медициналық ұйымдарда карантин енгізілді,-деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта Абай облысында қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақты: 2023 жылдың мамыр айынан бастап облыста қызылшаның зертханалық расталған 75 жағдайы тіркелді. Өкінішке орай, қызылшамен сырқаттанудың бұрынғыдан айырмашылығы, бүгінде диагноз негізінен балалар арасында, яғни барлық жағдайларының 56,0 пайызы (42 жағдай) 5 жасқа дейінгі балалар екенін атап өткен жөн.
Абай облысында 7 бала мен 3 ересек адам қызылшамен стационарлық емделуде, ауыр жағдайда жатқандар (балалар мен ересектер) жоқ. Қызылша қатысты инфекциялық төсектердің қамтылуы 12,5%-ды құрайды. Қазақстан Республикасында қызылша бойынша қолайсыз жағдай тіркелген. Осыған байланысты облыста эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасының халқы арасында қызылшамен сырқаттануды одан әрі таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7 қаулысы шығарылды, онда қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы айтылған.
#Денсаулық, #карантин, #қызылша