Қызылшаның таралуы: Астананың санитарлық дәрігері ата-аналарға үндеу жасады

Қызылшаның таралуы: Астананың санитарлық дәрігері ата-аналарға үндеу жасады

-  Елордада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Мұның басты себептерінің бірі – вакцинацияның аздығы. Бұл әсіресе балалар арасында жиі кездесетін проблема. Осыған байланысты Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды abaidan.kz АА KAZINFORM-ға сілтеме жасап.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында жазылғандай, тұрғындардың басым бөлігінің қызылшаға қарсы иммунитеті болмауының көптеген себебі бар. Санитарлық дәрігердің айтуынша, бұл вирустың айналымы мен эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына себеп болып отыр.

«Сондықтан ревакцинация жүргізіп, балаларға уақытылы екпе алуы керек. Науқаспен байланыста болған жағдайда 72 сағат ішінде шұғыл түрде екпе алуға болады. Осылайша, екпе алмаған адамдарды инфекциядан уақытылы қорғау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында 2 528 адам вакцина алды. Сондықтан жалғыз тиімді қорғаныс вакцинация екенін тағы бір рет атап өтемін. Баласының уақытылы екпе алуын ең алдымен, ата-аналары ойлауы керек», - деді Сархат Бейсенова.

Айта кетейік, 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап елордада 6 айдан 10 ай 29 күнге дейін балаларға жаппай вакцинация жүргізіліп жатыр. Желтоқсаннан бастап оларға 2-4 жастағы балалар қосылды.

6 қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін 47 166 бала егілді. Бұл – 36,5%, оның ішінде 6 айдан 10 ай 29 күнге дейін – 8 986 немесе 37,4 %; 2-4 жас – 27 137 немесе 36,5 %; медицина қызметкерлері – 5 351 немесе 89,2 %.

Сондай-ақ ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес вакцинацияланбаған балаларды анықтау жұмысы жалғасып жатыр.


#Дәрігер, #Астана, #қоғам, #бала, #қызылша