Медицина сапасын арттыру: тиісті меморандумға қол қойылды

Медицина сапасын арттыру: тиісті меморандумға қол қойылды

Абай облысының әкімдігі мен ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев пен ҚР ПІБ МО басшысы Алексей Цойдың қол қоюымен бекітілді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Екіжақты келісім шеңберінде клиникалық тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми, клиникалық және білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ өңірдің медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру көзделген. Ынтымақтастық екі жақтың дәрігерлеріне тығыз кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді. 

Соңғы үш жылда медициналық орталықтың мамандары Қазақстанда 150-ден астам инновациялық технологияларды енгізді.Ал облысымыздың 500-ден астам 

тұрғыны орталықтың жетекші клиникаларының базасында медициналық көмек, санаторлық емдеу және оңалту алды. Серіктестік сонымен қатар мамандардың консультацияларын, санаторий-курорттық емдеу мен оңалтуды, өңір дәрігерлерін диагностика мен емдеудің инновациялық әдістеріне оқытуды қамтиды. 

Аурулардың алдын алу және емдеу саласында белсенді тәжірибе алмасу, мектепке дейінгі тәрбиеге озық медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерді енгізу жоспарлануда.

«Мемлекет басшысы еліміздегі денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Елдің әрбір азаматы озық технологиялар мен әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі керек. Облыс тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін біз мамандардың біліктілігін арттыруға, озық тәжірибе мен технологияларды меңгеруге басымдық береміз. Осы орайда еліміздің жетекші клиникаларымен, атап айтқанда ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығымен жұмыс істеу өте маңызды. Мен бұл стратегиялық серіктестік медициналық қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартып, денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді деп сенемін», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы еліміздің алдыңғы қатарлы клиникаларын, соның ішінде Астанадағы ядролық медицинаның бірегей орталығы бар Президент Іс басқармасының ауруханасын, Алматыдағы Орталық клиникалық аурухана, сондай-ақ EuropeSPA стандарты бойынша сертификатталған «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенін біріктіреді. 

Орталықтың құрамына санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, сондай-ақ мектепке дейінгі білім берудің инновациялық бағдарламалары бар «Қарлығаш» балабақшалар желісі кіреді.Айта кетейік, Абай облысында «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» өткізілді. Делегация құрамына 

JCI, ISO, GLP, GMP халықаралық стандарттарымен аккредиттелген ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханаларының дәрігерлері кірді.  Білікті мамандар облыс тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіп,  өңір мамандарымен әдістемелік жұмыс жүргізді.