Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды

Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Ерлан Абаев қатысты.

Мемлекеттік арнаулы қордың қаражаты есебінен салынған нысан «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің аумағында бой көтерді. Аталған орталықта 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар, I және II топтағы мүгедектігі бар 400 қызмет алушыға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мұнда 1964 және 1970 жылдары салынған екі корпус бар. Жаңа қосымша корпустың жалпы аумағы 6 281,8 шаршы метрді құрайды. Нысан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес келеді. Ғимаратта емдік-еңбек шеберханасы, медициналық кабинеттер, заманауи асхана мен буфет, шаштараз бөлмесі, кітапхана және жатын бөлмелер қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл мекеме ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді» деп әлеуметтік саланың маңызын айрықша атап өткен болатын. Жаңа ғимаратты пайдалануға беру халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес, бір адамға 5 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй алаңымен қызмет алушыларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша корпус санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қызмет алушылардың тұруы үшін де, орталық персоналының жұмысы үшін де неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайды, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырады. Облысымызда қайтарылған активтер есебінен 25 нысанның құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда үшеуінің құрылысы аяқталды. 22 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы 22 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осы игі іспен айналысқан прокуратура, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Абай облысы жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді облыс әкімі.

Нысан іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға сапалы қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша мұндай қызметке 101 адам кезекте тұр.

Облыста әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірде 23 800 мүгедектігі бар адам тұрады. 2026 жылы аймақтағы 15 мыңнан астам мүгедектігі бар жандарды техникалық оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 3,3 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 200 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланып отыр. Облыста арнаулы әлеуметтік қызметтермен 6 мыңға жуық адам қамтылған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанында салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Бородулиха ауданында және Семей қаласында орналасқан қарттар үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Әлеуметтік мекемелердің қызметін арттыру мақсатында 20 автокөлікті (оның ішінде 7 инватакси) лизинг арқылы сатып алу жоспарланып отыр.


#Семей, #Денсаулық, #Абай облысы, #прокуратура, #медицина