Абай гарнизонының әскери қызметшілері«Таза Қазақстан» акциясын қолдайды
Абай гарнизонының әскери қызметшілері экологиялық жағдайды жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді қатысты, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында Отан қорғаушылар іргелес аумақтарды тазартты, сондай-ақ өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосып, көшеттер отырғызуды ұйымдастырды. Юность шағын ауданына ерекше назар аударылды, онда 100-ден астам әскери қызметші қала әкімдігіне аумақты тазалауға көмектесті.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Жеңіс Маралов ағаш отырғызуға қатысып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын жеке үлгімен көрсетті.
Акцияға әскери қызметшілердің отбасы мүшелері де қосылды, бұл әскери ұжымның қоғамдық маңыздылығы мен бірлігін арттырады.

Мұндай іс-шараларды өткізу экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және өңірде тазалық пен тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Айта кетейік, аталған акция аясында әскери қызметшілер қала аумағында 1000-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған.
#Абай облысы, #Абай өңірлік гарнизоны, #"Таза Қазақстан" акциясы