Семейде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күні атап өтілді
Семей қаласында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, экологиялық қызмет мамандары, сала ардагерлері, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар қатысты. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, табиғи ресурстарды сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз табиғатты қорғауға бағытталған маңызды экологиялық акцияның бастауында бас қосып отырмыз. Бұл игі бастама туған өлкеміздің табиғатын сақтауға деген ортақ мақсат жолында баршамызды біріктіреді, – деді Думан Оспанов.
Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президент бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениетті дамыту мен азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттырудың тиімді құралына айналды.

Сонымен қатар, Абай облысында табиғатты қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Жыл сайын жаңа көшеттер отырғызу арқылы орман қоры ұлғайтылып, Ертіс өзені бассейнін балықтандыру жұмыстары жүргізілуде, су тасқынының алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Сондай-ақ қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюға және елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Іс-шара аясында экология саласын дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарды сақтауға елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атынан Алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік жиында Абай облысы Экология департаментінің басшысы Серік Сарбасов құттықтау сөз сөйлеп, экологтар мен сала ардагерлеріне адал еңбегі мен қоршаған ортаны қорғау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

– Өңіріміздегі экологиялық ахуал әрдайым жоғары деңгейде болсын. Қоршаған ортаны сақтау жолында алдағы уақытта да бірлесе еңбек етеміз, – деді Серік Сарбасов.
Іс-шара соңында Абай облысы Экология департаменті басшысының Алғыс хаттары табысталды. Марапаттарға өңірдің табиғатты қорғау қызметіне белсенді қатысып жүрген мамандар мен қоғам белсенділері ие болды.
#Семей, #Экология, #Абай облысы