«Таза Қазақстан» акциясы аясында Абай облысының қалалары мен аудандарында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілуде
Абай облысында экологиялық ахуалды жақсартуға және қоғамның назарын экологиялық мәселелерге аударуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы жүргізілуде. Акция аясында әр ауданда аумақтарды тазарту, ағаштар мен көшеттер отырғызу, сондай-ақ саябақтар мен алаңдарды абаттандыру ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың тазалықты сақтауға атсалысуының маңыздылығын көрсетіп, қоғамның түрлі салаларын қатыстырып, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне назар аударады. Облыс бойынша 10-ға жуық түрлі іс-шара өтті. Мысалы, «Таза өлке», «Таза көше», «Табиғатты аялайық», «Бесқарағайдың інжу-маржанын сақтайық» және т.б. Бұл туралы abaidan.kz агенттігінің тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бесқарағай ауданы Шошқалы көлінде «Бесқарағайдың інжу-маржанын сақтайық» акциясы өтіп, оған аудан басшылығы, белгілі спортшылар, жас отбасылар, аудан депутаттары, ауыл тұрғындары, БАҚ және еріктілер, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қатысты. Шара барысында көл жағасы қоқыстан тазартылып, қоқыс жәшіктері орнатылды. Акцияға барлығы 100-ге жуық адам мен 5 арнайы техника қатысты.
Курчатов қаласының тұрғындары «Қаланы таза ұстайық!» ұранымен өткен «Таза Қазақстан» эко-акциясына белсене қатысты, оның аясында «Буратино» балалар саябағын тазарту жұмыстары жүргізілді. Бірнеше сағат ішінде қатысушылар аумақты толықтай қоқыстардан тазартты.
Аягөз ауданында республикалық эко-акция аясында «Питомник» аумағында да қоқыстардан тазарту жұмыстары өтті. Шараға 40-тан астам жас қатысып, 37 қап қоқыс жиналды.
Бородулиха ауданы Бородулиха ауылында ауқымды акция өтіп, нәтижесінде ауыл орталығында орналасқан орман алқабы тазартылды. Акцияға жергілікті тұрғындар, студенттер, жастар және «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қатысты. Осылайша 20 қаптан астам қоқыс жиналды. Жалпы Бородулиха ауданында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 40 мың тонна қоқыс шығарылып, 1500 ағаш пен 20 850 көшетотырғызылды. 5 су қоймасы қоқыстан тазартылып, 21 саябақ пен алаң абаттандырылды. Сенбілікке барлығы 9 мыңнан астам адам қатысты.
Абай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Абай атындағы орталық саябақта «Таза саябақ» сенбілігіұйымдастырылды. 150-ден астам адам, оның ішінде мекеме қызметкерлері мен белсенді ауыл тұрғындары саябақты қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына барлығы 88 200 адам қатысты. Акцияға 3596 ұйым мен мекеме қолдау көрсетіп, 2041 бірлік түрлі техника жұмылдырылды. 78 590 аула тазаланып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына 47 590 тонна қалдық шығарылды. Облыста 239 саябақ пен алаң тазартылып, 252ескерткіштің аумағы абаттандырылды. Жалпы, акция барысында облыста 135 540 ағашотырғызылды. 1035 әлеуметтік нысан мен 2221өндірістік нысан, 852 су қоймасы қамтылды.
#Экология, #Абай облысы, #"Таза Қазақстан" акциясы