Қаламызда жаңа серпін: «SMART CITY» тұрғын ауданының құрылысы басталды

Қаламызда жаңа серпін: «SMART CITY» тұрғын ауданының құрылысы басталды

Облыс әкімі Берік Уәлиұлының бастамасымен өңірімізде заманауи және инновациялық талаптарға сай келетін жаңа «SMART CITY» тұрғын ауданының құрылысы ресми түрде басталды. Аумағы 1000 гектардан асатын ауқымды жоба — қала дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық бастама болып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев айтты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Жобаның басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, цифрлық технологияларды, экологиялық шешімдерді және заманауи инфрақұрылымды үйлестіре отырып, жаңа орталық қалыптастыру. Аталған ауданда 75 мың тұрғынға арналған көпқабатты үйлермен қатар, әлеуметтік, мәдени және спорттық бағыттағы 40-тан астам нысан салу жоспарланған.

«SMART CITY» аумағында болашақта толыққанды өмір сүру үшін қажетті барлық инфрақұрылым қамтылады. Оның ішінде:

  • заманауи мектептер мен балабақшалар;
  • жоғары стандарттарға сай медициналық мекемелер;
  • филармония, медиа орталық, ғалымдар үйі;
  • Достық үйі, көрме орталығы, этнопарк;
  • Конгресс холл, Жастар сарайы, Жекпе-жек сарайы;
  • ірі спорт стадионы, аквапарк, кең саябақ аймақтары.

Бұл нысандар тек тұрғындардың қажеттілігін өтеп қана қоймай, өңірдің мәдени-рухани дамуына да зор үлес қосатыны сөзсіз.

Жобаның ерекше тұсы – нысандардың басым бөлігі «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің әр өңірінің қолдауымен іске асырылмақ. Бұл – рухани бірліктің, ұлттық тұтастықтың және өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.

Әр облыстың үлес қосуы арқылы бой көтеретін әлеуметтік және мәдени ғимараттар Абай мұрасына арналатын символикалық тарту болып табылады. Сонымен қатар, бұл қадам қала инфрақұрылымын дамытудағы ортақ жауапкершілікті арттырып, өңірлер арасындағы өзара қолдау дәстүрін күшейте түседі.

«SMART CITY» жобасы ел экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастырумен қатар, заманауи стандарттарға сай келетін интеллектуалды және экологиялық ортаны қамтамасыз етеді. Мұнда смарт-жарықтандыру, цифрлық қауіпсіздік жүйелері, жасыл энергетика элементтері кеңінен қолданылмақ.

Қаламыздың келешегін айқындайтын бұл жоба өңір дамуының жаңа символына айналары сөзсіз. «SMART CITY» – тек құрылыс емес, ол — жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндіктер және тұрғындар үшін жаңа өмір сапасы.


#Семей, #Абай облысы