Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша Абай облысы республикада екінші орында тұр

Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша Абай облысы республикада екінші орында тұр

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Жиында облыстың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер қаралды. 

Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Қала және аудан әкімдері бейнережимде қосылды. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. 

Оның айтуынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 104,4 пайызды құрап, 1 трлн 357,5 млрд теңгеге жетті. Өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы 101,1, өңдеу өнеркәсібі 102,9, ішкі сауда 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру 105,8, байланыс 106, құрылыс 106,2, инвестициялар 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалды.

Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы іске асырылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жыл қорытындысында жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар құны 605,5 млрд теңге болатын 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылды. Былтыр мемлекеттік бюджетке облыс бойынша 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.

Әкімдік отырысында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары саладағы даму индикаторларының орындалуы туралы ақпарат берді.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары 2025 жылдың қорытындысымен қалыптасқан қала мен аудан әкімдерінің қызметіне жүргізілген рейтингтік бағалаудың нәтижесін жариялады. Жалпы рейтинг 76 индикаторды қамтитын 9 блоктан тұрады. Оның қорытындысы бойынша Курчатов қаласы мен Абай, Жаңасемей аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Бородулиха, Көкпекті, Жарма аудандары рейтингтің төменгі сатысынан көрінді. Бородулиха ауданы 4, Жарма ауданы 6 көрсеткішті тиісті деңгейде орындамаған.

Аймақ басшысы жиында 2025 жылы облыс экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жүргізілген жүйелі жұмысты одан ары жалғастыруды тапсырды. 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларының жоғары екенін атап өтіп, салалық басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға инвестиция тарту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй құрылысы және бюджеттік тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.

«Әрине, біз бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету бойынша шараларды қабылдап, облыс экономикасын одан әрі дамытып, тұрақты өсімге қол жеткізуіміз қажет. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің төмендеуіне жол берген аудан әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылдау туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Екі апта бойы басқармалардың атқарған жұмыстары мен алға қойған жоспарлары туралы есебін тыңдадым. Нәтижесінде бір басқарма басшысы жұмыс орынын босатты. Екі басқарманың есебі қабылданған жоқ. Олар дайындалып келіп, алдағы апталарда есептерін қайта тапсыратын болады. Сол себепті басқармалар да жұмыс сапасын төмендетпеуі қажет», – деді облыс әкімі.


#Абай облысы, #экономика, #қаржы, #инвестиция