Мүлік салығын Салық кодексінде көрсетілген салық салу объектілері бар жеке тұлғалар төлейді. Оларға пәтерлер, тұрғын үйлер, саяжайлар, гараждар, автотұрақтар және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері жатады. Жекелеген санаттағы азаматтарға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер, жетім балалар және басқа да санаттар бар. 2026 жылы АЕК – 4 325 теңге.
Осыған сәйкес 1 000 АЕК – 4 325 000 теңге, ал 1 500 АЕК – 6 487 500 теңге. Салық мүліктің нарықтық бағасынан емес, салық салу мақсатындағы құнынан есептеледі. Бұл ретте мүліктің алаңы, базалық құны және тиісті коэффициенттер ескеріледі. Семей қаласында 1 шаршы метрдің базалық құны 36 000 теңгені құрайды. Мүлік құнына қарай прогрессивті салық мөлшерлемелері қолданылады. Ал жылжымайтын мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеден асқан жағдайда, арнайы тәртіп енгізіледі. Мысалы, бірнеше объектінің жиынтық құны 500 млн теңге болса, 450 млн теңгеден асатын 50 млн теңгеге 2 пайыз қолданылады. Нәтижесінде салық сомасы 3 946 600 теңгені құрайды. Бұл сома кейін объектілер арасында олардың құнына пропорционалды түрде бөлінеді. Егер мүлік жыл ішінде сатып алынса немесе сатылса, салық нақты иелік еткен кезеңге есептеледі. Жеке тұлғалардың мүлік салығын мемлекеттік кірістер органдары есептейді. 2026 жылғы мүлік салығы 2027 жылы есептеліп, 1 қазаннан кешіктірілмей төленуге тиіс.
Азаматтарға салық міндеттемелерін алдын ала тексеріп, мүлік бойынша берешек туындауына жол бермеу маңызды. Салықты белгіленген мерзімде төлеу – әрбір азаматтың міндеті, – деді Тұрлыбекова Әсем Қадырқызы, Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы.





