Биыл салық берешегін өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді қарызы 86 500 теңгеден аз кәсіпкерлердің есепшоты осы берешек үшін бұғатталмайды. Ал қарыз көбейсе, оны мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Тіпті ірі көлемдегі берешегін ұзақ уақыт өтемеген кәсіпорын басшысының шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Қандай жағдайда есепшот бұғатталады, компания басшысын ауыстыруға қашан тыйым салынады және қарыз өтелгеннен кейін шектеу қалай алынады?
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын тікелей эфирде түсіндірді.
Қандай жағдайда есепшот бұғатталмайды?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі өзгерді. Бұрын қарыз бір теңгеден асқан жағдайда да оны өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін еді. Енді мұндай шаралар берешектің мөлшеріне қарай жүргізіледі. Қайсар Арынның айтуынша, бұрынғы тәртіп кәсіпкерлердің наразылығын туғызған. Аз ғана қарыз үшін қойылған шектеулер олардың күнделікті жұмысына кедергі келтірген.
– Бұрын бір теңгеден жоғары қарыз болса да, өндіріп алу шараларын қолданатынбыз. Кәсіпкерлер тарапынан наразылық болды. Сондықтан бұл шекті 20 айлық есептік көрсеткішке дейін көтердік, – деді ол.
Енді салық қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК), яғни 86 500 теңгеден аз болса, салық органы кәсіпкерге берешегі туралы хабарлама жіберумен шектеледі. Мысалы, 50 мың теңге қарыз үшін есепшот бұғатталмайды. Бірақ берешек толық өтелгенге дейін өсімпұл есептеле береді.
Қарыз 86 500 теңгеге жетсе не болады?
Салық берешегі 20 АЕК-ке жеткен жағдайда оны мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Алайда есепшот бірден бұғатталмайды. Алдымен кәсіпкерге қарызын өтеу туралы хабарлама жіберіледі. Қайсар Арынның түсіндіруінше, ол 10 жұмыс күні ішінде орындалмаса, банк шоттары бойынша шығыс операциялары мен кассалық операциялар тоқтатылады.
Бұдан кейін тағы бес жұмыс күні ішінде қарыз өтелмесе, инкассалық өкім шығарылады.
– Егер хабарлама орындалмаса, он жұмыс күнінен кейін есепшот пен кассалық операцияларға шектеу қойылады. Одан кейін тағы бес жұмыс күні ішінде салық төленбесе, инкассалық өкім шығарылады. Банк шотында қаражат болса, қарыз салық төлеушінің келісімінсіз өндіріліп алынады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Ал берешек 45 АЕК-тен, яғни 194 625 теңгеден асса, қосымша шаралар қолданылады. Олардың қатарында мүлікті тізімдеу және өткізу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алу бар. Дебиторлық берешек дегеніміз – басқа адамдар мен ұйымдардың кәсіпкерге төлеуге тиіс ақшасы. Заңда көзделген жағдайда салық қарызы осы қаражат есебінен де өтелуі мүмкін.
Әлеуметтік аударымдар төленбесе ше?
Өзгерістер әлеуметтік аударымдар бойынша берешекке де қатысты.
Бұрын жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдар бойынша бір теңге қарызы болса да, есепшотына шектеу қойылатын. Енді мұндай шара берешек 6 АЕК-тен, яғни 25 950 теңгеден асқанда қолданылады.
Қайсар Арын бұл өзгерістің не үшін енгізілгенін түсіндірді.
– Әлеуметтік аударымдар – әр жұмыскердің болашағына арналған ақша. Сондықтан жұмыс беруші оны аудармаса, бір теңге қарызы болса да шектеу қоятынбыз. Енді бұл шекті алты айлық есептік көрсеткішке көтердік. Шектеу тек қарыз көлемінде қойылады, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпорын есепшотындағы қалған қаражатты пайдалана алады. Шотқа шектеу қойылса да, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өтеуге мүмкіндік бар.
Қарызы бар компания басшысын ауыстыра ала ма?
Салық органдары берешекті өндіріп алу кезінде тағы бір мәселеге тап болған. Кейбір кәсіпорындар қарызын өтей алмаған соң, басшысын басқа адамға ауыстырып жіберген.
– Кейде жаңа басшының тұрақты мекенжайы болмайды немесе ол бас бостандығынан айыру орнында отырған адам болып шығады. Мұндай жағдайлар берешекті өндіріп алу жұмысын қиындатады, – деді Қайсар Арын.
Осыған байланысты заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген.
Басқарма басшысының түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 қарашадан бастап салық берешегі 45 АЕК-тен асып, төрт айдан астам уақыт өтелмеген компаниялардың басшысын немесе заңды мекенжайын ауыстыруға шектеу қойылады.
Бұл талап қарызы бар кәсіпорынды басқа адамның атына рәсімдеу арқылы салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған.
Кімдердің шетелге шығуына тыйым салынуы мүмкін?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап ірі көлемдегі салық қарызы үшін Қазақстаннан шығуды уақытша шектеуге мүмкіндік беретін норма күшіне енді. Ал оны іс жүзінде қолдану 1 қазаннан басталды.
Бұл шара берешек 27 мың АЕК-тен, яғни 116 775 000 теңгеден асып, қарыз туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда қолданылады. Негізгі қарызбен бірге өсімпұл мен айыппұл да есепке алынады.
Қайсар Арынның айтуынша, бұған дейін ірі көлемде салық берешегі болса да, оны өтемей шетелде жүрген кәсіпорын басшылары кездескен.
– Олардың салық қарызы болады, бірақ өздері шетелде жүреді. Қазақстаннан еш кедергісіз шығып-кіріп жүре береді. Мемлекет алдында қарызы бола тұра, олардың еркін жүруіне қатысты азаматтар мен депутаттар тарапынан да сын айтылды, – деді ол.
Басқарма басшысының мәліметінше, республика бойынша мұндай шектеу қолданылуы мүмкін 700-ге жуық жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаның басшысы бар. Алайда берешекті өндіріп алу жұмыстарының нәтижесінде олардың саны азаюы мүмкін.
Жаңа талап дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің бірінші басшыларына немесе олардың міндетін атқарушыларға қатысты. Компания құрылтайшыларына қолданылмайды.
Шектеу қою үшін мемлекеттік кірістер органы тиісті қаулы шығарып, сотқа жүгінеді.
– Егер сот өндіріп алу шаралары толық қолданылмағанын немесе құжаттарда кемшілік барын анықтаса, бізге рұқсат бермейді. Сәйкесінше, шектеу қойылмайды, – деп түсіндірді Қайсар Арын.
Сот санкция берген жағдайда ғана азаматтың Қазақстаннан шығуына уақытша тыйым салынады.
Қарызды әуежайда төлесе, бірден ұшып кете ала ма?
Берешекті толық өтеу шетелге шығуға қойылған шектеудің бірден алынатынын білдірмейді.
Қайсар Арынның айтуынша, қарызды әуежайда төлеген күннің өзінде тиісті рәсімдердің аяқталуын күту қажет.
– Қазір банк арқылы төленген ақша ақпараттық жүйеге тез түседі. Бірақ шектеудің күшін жою туралы қаулы дайындап, оны сотқа жіберу керек. Сондықтан бұған уақыт қажет, – деді басқарма басшысы.
Салық кодексіне сәйкес, берешек өтелгеннен кейін салық органы бір жұмыс күні ішінде шектеудің күшін жою туралы қаулы шығаруы тиіс. Одан кейін оны сот санкциялайды.
Демек, бір жұмыс күні шектеудің толық алынатын мерзімі емес. Сондықтан кәсіпорын басшылары шетелге шығар алдында салық берешегінің бар-жоғын тексергені жөн.
Шетелге емделуге бару қажет болса ше?
Денсаулығына байланысты шетелде емделуі қажет азаматтар үшін шектеуді уақытша алып тастау мүмкіндігі қарастырылған.
– Егер азаматқа шетелде емделу қажет болса, оны растайтын құжаттарын салық органына ұсына алады. Біз қайтадан сотқа жүгінеміз. Сот рұқсат берген жағдайда шектеу уақытша алынады, – деп түсіндірді Қайсар Арын.
Ал берешегін бірден өтей алмайтын кәсіпкерлер төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе қарызды бөліп төлеу жолдарын қарастыра алады.
Басқарма басшысының айтуынша, ол үшін заңда белгіленген талаптарға сай мүлікті кепілге қоюға немесе банк кепілдігін ұсынуға болады. Сондай-ақ сот арқылы оңалту шараларын қолдану мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге салық төлеушінің жеке кабинетін тексеріп, берешек туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін салық берешегіне байланысты 700-ге жуық кәсіпорын басшысының шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.




