Абай еліндегі тағзым: Қайрат рухына құрмет көрсетілді
13 наурыз күні Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған күніне орай "Абай облысы Желтоқсан -86" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген рухани мәні зор күн батыр рухына тағзым етуге арналды. Таңертең жұртшылық алдымен Қайрат Рысқұлбеков жерленген зират басына барып, Құран бағыштап, ер рухына тағзым жасады.


Одан кейін қала орталығындағы батыр ескерткішіне гүл қойып, оның ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігі мен қайсарлығына құрмет көрсетті.

Шара аясында желтоқсандықтар мен өңір жастарының кездесуі өтті. Тағылымды басқосуда Қайрат Рысқұлбековтің өмір жолы, өр мінезі мен отансүйгіштік рухы жайлы кеңінен әңгіме қозғалды. Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, тәуелсіздіктің қадірі туралы патриоттық рухтағы пікірлер айтылды. Сонымен қатар жастар тарапынан қойылған сұрақтарға желтоқсаншылар жауап беріп, сол бір күрделі кезеңнің шындығымен бөлісті. Мұндай кездесулер жас буынның ұлттық рухын нығайтып, елдік сана қалыптастыруға зор ықпал етті.


Кешкі уақытта арнайы ауызашар беріліп, батыр рухына Құран оқылды. Жиналған қауым тәуелсіздік жолында құрбан болған қайсар ұлдың есімін тағы бір мәрте еске алып, рухына дұға бағыштады. Осындай игі шаралар арқылы Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі ұрпақ жадында жаңғырып, оның есімі ел руханиятының мәңгілік символына айнала түсті.

#Семей, #Абай облысы, #Желтоқсан көтерілісі