Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 24 қаралымabaidan.kz

Абай облысына заманауи құтқару катері жеткізілді

Абай облысына заманауи құтқару катері жеткізілді

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті жаңа заманауи құтқару катерімен толықты. «VOYGER» 850T Cabin Twin катері облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынды.

Жаңа техниканың мүмкіндіктерімен облыс әкімі Берік Уәли танысып, оның техникалық жабдықталуын көрді. Өңір басшысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовпен бірге катермен Ертіс өзені бойын аралап, Семей қаласындағы су тасқынынан қорғайтын бөгеттердің жай-күйін және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын бағамдады.

Жаңа катер Ертіс өзені мен Алакөл көлінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, іздестіру және сүңгуірлік-құтқару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ құтқарушылар мен қажетті жабдықтарды оқиға орнына жедел жеткізуге арналған.

Ұзындығы 8,34 метр болатын катер 8 адамға дейін қабылдай алады. Оның жүк көтергіштігі – 1400 келі. Кеме заманауи навигация және байланыс жүйелерімен жабдықталған. Жылытылатын жабық кабинасы мен жеке каютасы құтқарушыларға ұзақ уақыт бойы кезекшілік атқаруға мүмкіндік береді. Ал қос қозғалтқышты жүйе катердің маневрлік мүмкіндігін арттырып, күрделі жағдайларда тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайды.

«Өңірімізге өте қажетті техника Ертіс өзенінде, Алакөл көлі мен Шүлбі су қоймасында кезекшілік жасайтын болады. Бұл жаңа, заманауи катерді Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынысымен арнайы тапсырыс беріп, сатып алдық. Шомылу маусымы кезінде азаматтарды қорғау үшін, құтқару шараларын тиімді жүргізу үшін керек. Ұзақ жылдар бойы халықтың игілігіне қызмет етсін деп тілейміз. Құтты болсын!» – деді Берік Уәли.

Жаңа техниканың қолданысқа берілуі облыстағы құтқару бөлімшелерінің ұтқырлығын арттырып, су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта Абай облысының құтқару бөлімшелерінің балансында барлығы 29 жүзу құралы мен су-мотор техникасы бар. Оның ішінде 5 құтқару катері, 1 әуе жастықшалы кеме, 5 металл және 16 үрлемелі қайық, сондай-ақ 2 гидроцикл бар.

Аталған техника Ертіс өзені, Алакөл көлі және Шүлбі су қоймасында патрульдеу, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және судағы төтенше жағдайларға жедел ден қою кезінде пайдаланылады.

Сонымен қатар құтқарушылардың автокөлік паркі де жаңартылуда. Жақында Nissan Patrol базасында жасалған арнайы көлік сатып алынды. Ол қалың қар басқан, жолсыз және батпақты жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған.

Осылайша, өңірдің құтқару қызметі заманауи техникамен кезең-кезеңімен жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндіктерін күшейтіп келеді.