Абай облысында 338 зардап шеккен халықты қабылдау пункті жұмыс істейді

Абай облысында 338 зардап шеккен халықты қабылдау пункті жұмыс істейді

Аймақ тұрғындарын ықтимал төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз аймаққа көшіру және уақытша орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында өңірде жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының бастығы Димаш Асқаров баяндады.

-Қала және аудан әкімдерінің өкімдерімен жалпы сыйымдылығы 81 766 адамды қамтитын 338 зардап шеккен халықты қабылдау пункті (ЗХҚП) айқындалды, оның ішінде Семей қаласында – 81, Курчатовта – 11, Аягөзде – 39, Ақсуатта – 39, Үржарда – 18, Абай ауданында – 11, Көкпектеде – 22, Жаңасемейде – 18, Жармада – 23, Бесқарағайда – 28, Мақаншыда – 20 және Бородулихада – 28 пункт белгіленген. Қазіргі уақытта осы пункттердің 242-сі генераторлармен, төсек-орындармен, жиналмалы кереуеттермен және өзге де қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, пайдалануға дайын, ал қалған 96 пункт дайындық сатысында, - деп атап өтті спикер.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты жедел қабылдау және орналастыруды ұйымдастыру мақсатында бұл мәселелер облыстық эвакуациялық комиссияның, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралып, проблемалық аспектілерді шешу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Азаматтық қорғау тобының аға офицері Темірлан Амантаев кеңінен тарқатты.

 ТЖД қызметкерлері нақты Пункттерге бекітілген мекенжайлар бойынша халықты бөлу тізбесін әзірледі. Бұл төтенше жағдайда азаматтарды реттелген және уақтылы орналастыруға мүмкіндік береді. Халықтың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру үшін Пункттердің орналасқан жері және оларға апаратын ең қысқа бағыттар «Яндекс Карты» және «2GIS» платформаларына енгізілді. Аталған деректер интернет-порталдарда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ Төтенше жағдай  басқармалары мен қала, аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында жарияланды, - деді аға офицер.

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үйлерді аралап, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелерін түсіндіріп,  жақын маңдағы зардап шеккен халықты қабылдау пункттерінің орналасуын арнайы қосымшалар арқылы көрсетті. Көпқабатты үйлердің кіреберіс алаңдарына Пункттерге баратын бағыттарды көрсететін ақпараттық тақтайшалар орнату жөнінде қала және аудан әкімдіктеріне хат жолданып, бұл мәселе облыстық эвакуациялық комиссия отырысында да қаралды.


#Абай облысы, #ТЖД