Абай облысында боран мен аяз күшейеді: кей жолдар жабылып, жүргізушілерге шұғыл ескерту жасалды

Абай облысында боран мен аяз күшейеді: кей жолдар жабылып, жүргізушілерге шұғыл ескерту жасалды

Абай облысында алдағы күндері ауа райы күрт нашарлап, республикалық маңызы бар жолдарда қозғалысқа шектеу енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының облыстық филиалы хабарлады. Синоптиктердің болжамынша, 20–24 ақпан аралығында өңірде ауа температурасы –28–30 градусқа дейін төмендейді. Желдің жылдамдығы 14–16 м/с дейін күшейіп, қалың қар жауады. Мұндай жағдай жолдарда көктайғақтың пайда болуына, сондай-ақ көріну қашықтығының күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты жол қызметі тұрғындарға алыс сапарлардан бас тартуға және аса қажет болмаса елді мекендерден шықпауға кеңес береді.

Қазірдің өзінде Қалбатау – Көкпекті бағытындағы автожолда қозғалысқа шектеу енгізілді. Мамандардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты алдағы күндері басқа бағыттарда да уақытша шектеулер қойылуы мүмкін.

Өкінішке қарай, жолдағы қауіпсіздік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 19 ақпанда Қалбатау мен Семей аралығында екі жеңіл көлік соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Ал 2025 жылдың өзінде облыс жолдарында болған жол-көлік оқиғаларынан 51 адам көз жұмған. Оның 72% көліктердің соқтығысуымен байланысты.

Жол апаттарын азайту мақсатында жыл сайын жол инфрақұрылымы жаңартылып келеді. Атап айтқанда, 30 000 шаршы метр шұңқыр жөнделіп, 1000-нан астам жол белгісі орнатылған. Сонымен қатар 40-тан астам стробоскоптық шам, 4000 сигналдық бағана, LED экрандар мен шу жолақтары қойылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Соған қарамастан, мамандар жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушілердің жауапкершілігіне байланысты екенін ескертеді.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың көздеген жеріне аман-есен жетуі. Сондықтан жүргізушілерден жол белгілерін қатаң сақтап, дауылды ескертулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Мамандар ауа райы тұрақталғанша сапарды кейінге қалдыру – ең дұрыс шешім екенін ескертеді.


#Абай облысы, #Ауа райы, #жол, #ҚазАвтоЖол