Абай облысында су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілуде
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ТЖД және қала әкімдігінің басшыларымен бірлесіп Семей қаласының қызыл су басуы мүмкін аймақтарын тексерді. Облыс орталығының Восточный, Мирный саяжай алабы, «Бейбітшілік» аралы, Бобровка тұрғын алабын аралады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында жергілікті жерлерде су өткізу құрылыстарын тазалау жұмыстары жүргізіліпжатыр. Қазіргі уақытта үйінді бөгеттер нығайту, еріген және жаңбыр суын бұру, үйлер мен үй-жайларды су басқан жағдайда эвакуациялық пункттер, сондай-ақ малды уақытша ұстауға арналған орындар бекітілген.
Облыс көлемінде елді мекендердің еріген су басуын алдын алуға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Өңірдің аудандары мен қалаларында су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге келтірілді. Су тасқыны салдарының алдын алу және жою үшін инертті материалдар қоры дайындалды.
Аралау барысында облыс әкімі ТЖД-мен бірлесіп жарылыс жұмыстары жүзеге асырылатын орындарын бекітті. Сонымен қатар, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді.
«Халықтың қауіпсіздігі бірінші орында, сондықтан алдағы көктемгі науқанға толық дайын болу керек. Қызыл судың алдын алу үшін өзендердің арналарында жарылыс жұмыстарын уақтылы жүргізу қажет», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралар облыс әкімінің жеке бақылауында.