Абай облысында табиғи өртке қарсы шаралар күшейтілді

Абай облысында табиғи өртке қарсы шаралар күшейтілді

Өңірде өрт қауіпті кезеңі 7 сәуірден басталды. Орман мен даладағы өрттің алдын алу үшін ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы ТЖД мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары  міндетін атқарушы Әсет Түйінбаев баяндады.

– Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда орман өрттері айтарлықтай артты. Өткен жылы 24 өрт тіркелсе, биыл олардың саны 111-ге жетті. Сонымен қатар, дала аумақтарында 2 ірі және 139 ұсақ өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 есе көп, – деді Әсет Түйінбаев.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қорғау, полиция, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен құралған 170 адамдық 38 мобильді топ жасақталды. 330-дан астам рейд жүргізіліп, нәтижесінде 93 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 4,4 миллион теңгеден асқан.

- Шалғай аудандар мен «Семей орманы» маңында спутниктік дрондар мен механикаландырылған күзетшілер жұмыс істейді. Жедел әрекет ету үшін су төгетін құрылғымен жабдықталған екі Eurocopter H‑125 тікұшағы және Ми‑8 тікұшақтары жұмылдырылған. Қол жетпейтін аумақтарда өртті сөндіруге 30 адамнан тұратын десанттық жасақ құрылған. Алдын алу мақсатында халықпен және ауыл шаруашылығы өкілдерімен тұрақты кездесіп, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деді спикер.

Сонымен қатар, аймақта 269 елді мекен құрғақ шөптен тазартылып, орман өртінің алдын алу үшін 1,7 мың шақырымнан астам минералданған жолақ жасалды. 70 өрт сөндіру бекеті мен 10 ерікті құралым жұмыс істейді.

Абай облысының ТЖД тұрғындарды орман мен далада от жақпауға, темекіні тастамауға және шыны қалдықтарын қалдырмауға шақырады.


#өрт, #Абай облысы, #ТЖД