Абай облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында әлеуметтік қорғау саласында ауқымды жұмыстар атқарылды
Абай облысында Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары аясында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында бірқатар маңызды шаралар іске асырылуда,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Негізгі мақсат – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, еңбек нарығын дамыту және тұрғындарға тиімді жұмыспен қамту тетіктерін ұсыну.
Жыл басынан бері облыс аумағында 171 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 7,5 мыңға жуық адам қатысқан. Жәрмеңкелерде 870-тен астам жұмыс беруші өз кәсіпорындарындағы 6 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып, жұмыс іздеушілермен тікелей байланыс орнатты. Нәтижесінде 1951 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 619 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 1332 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды.
Жастарды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында Семей қаласының 32 колледжінде 40 арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған 5000-нан астам студент және 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Мұндай кездесулер жас мамандардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді терең түсінуіне, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына жол ашты.
Сонымен қатар, өңірде қарапайым жұмысшыларды дәріптеуге бағытталған республикалық «Еңбек жолы» конкурсына және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті насихаттайтын «Парыз» байқауына өтінімдер қабылдау жұмысы жүргізілуде. Бұл шаралар еңбек адамының мәртебесін көтеруге, өз ісіне адал қызметкерлерді қолдауға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Биыл атаулы Еңбек күніне орай облыстық деңгейде ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 40 жұмыс беруші қатысып, 600-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге келген 1000-нан астам жұмыс іздеуші жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, жұмыс талаптары мен мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.
Абай облысында атқарылып жатқан бұл шаралар өңірдің еңбек нарығын нығайтуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және еңбекке ынталы азаматтарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – өңірдің экономикалық дамуы мен қоғамның әл-ауқатын жақсартуда маңызды қадам болып отыр.
#Абай облысы, #Жұмыспен қамту, #Жұмысшы мамандықтары жылы