Абай облысының делегациясы Алтай қаласына келді

Абай облысының делегациясы Алтай қаласына келді

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай қаласына келді.

 Делегация мүшелері ертең «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық өңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысады. Жүзден астам адамнан құралған делегация құрамында мемлекеттік қызметкерлер, аудан әкімдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, білім, кәсіпкерлік, туризм саласының өкілдері бар. Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарының басшыларымен, сондай-ақ, Қытайдың, Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Түркіменстанның өкілдерімен бірге Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзяндің төрағалығымен өткен кездесуге қатысты. 

Жиынды ашқан Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді. Абай облысы құрылғаннан бері Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріп келеді. 

Осы уақыт аралығында Қытай тарапымен 115-тен астам кездесу өткізіліп, көптеген перспективалы жобалар бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Бүгінде өңірдің инвестициялық қоржынында жалпы құны шамамен 8,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 112 жоба бар. Өткен жылы Алтай қаласында өткен халықаралық конференция қорытындысы бойынша жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларынан асатын 6 ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Олардың қатарында чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық парк, сауда-логистикалық және ағаш өңдеу кешендері, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобалар бар.

 Аталған жобалар өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялар трансфертіне және өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.