Абай облысының ұстаздары «Майдан жолы» жасағының құрамымен Беларусь еліне аттанды

Абай облысының ұстаздары «Майдан жолы» жасағының құрамымен Беларусь еліне аттанды

Отанды қорғау кезінде қаза тапқан қорғаушылардың белгісіз есімдерін іздеуге және анықтауға бағытталған зерттеу қызметінің барлық түрлерін жүргізу үшін ағымдағы жылдың басында «Майдан жолы» Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы Абай облысы Бородулиха ауданының Новопокровка орта мектебімен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан. Келісім аясында «Майдан жолы» жасағының құрамымен Беларусь еліне алғаш рет Абай облысының ұстаздары аттанбақ,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі өңірлік коммугикациялар қызметіне сілтеме жасап. 
 

Осыған орай Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік пен Еңбек даңқы бөлімі Беларусь еліне Абай облысы атынан аттанатын іздеушілерді «Естелік вахтасымен» шығарып салу шарасын ұйымдастырды. Жиынға Абай облысының ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Арман Жемагулов, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, колледж студенттері қатысты.

- Қазақстанда хабарсыз кеткен сарбаздарды іздеу мәселесін негізінен қарапайым халық, тіпті мектеп оқушылары да өз қолына алуы қажет. Міне, қазірдің өзінде хабарсыз жоғалған сарбаздарды іздестіруге және олардың медальондарын, атаулы жеке заттар мен мұрағаттық құжаттар негізінде сәйкестендіруге бағытталған жұмыстар бастау алды. Ерліктер мен естеліктерді жаңғыртуға бағытталған бірлестіктер облысымызда құрылуда. Бүгінгі Беларусь еліне аттанып бара жатқан «Майдан жолы» жасағына сәттілік тілеймін. Жақсы жаңалықтармен оралады деген сенімдемін, - деді Арман Жемагулов.
 

2024 жылдың маусым айында Беларусь Республикасы аумағында Беларусь Республикасын азат етудің 80 жылдығына және Майдан жолы жасағының 15 жылдығына арналған «Батырлар жолымен – Даңқ жолы» ERG халықаралық патриоттық жобасы өтеді. Жоба аясында Беларусь жерін азат ету ұрыстарында фашистік басқыншыларға қарсы шайқаста із-түссіз жоғалған қазақстандық жауынгерлерді іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, облыс атынан аттанған жасақта сол шараға қатысады. 
Беларусь еліндегі іздестіру жұмысына аттанған ұстаздар Абай облысы білім басқармасының Бородулиха ауданы білім бөлімінің «Новопокровка орта мектебі» КММ директоры Арман Мұқанов, «Новопокровка орта мектебі» КММ тарих пәнінің мұғалімі Ернұр Кубенов және «Н.Островский атындағы орта мектебі» КММ тарих пәнінің мұғалімі Сергей Дерксен.
 

Сонымен қатар, шығарып салу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Шаймардан Қалиакпаров және Абай облысының Ерлік Даңқ іздеу отрядының басшысы Еркін Оразғалиев өз тілектерін білдірді. Бас қосу соңында Абай облысының ішкі саясат басқармасы атынан Беларусь еліне аттанушыларға Алғыс хат табысталды.


#Абай облысы, #мұғалім