«Әділетті Қазақстан» идеясы Абай облысында нақты істермен жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру жөніндегі стратегиялық бастамасы ел дамуының жаңа тарихи кезеңін айқындады. Бұл тұжырымдама мемлекеттік басқару сапасын арттыруды, экономиканы әртараптандыруды, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуді және әрбір өңірдің тең дамуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Осы бағытта Абай облысында ауқымды өзгерістер мен жүйелі реформалар жүзеге асырылып, өңір жаңа даму белесіне көтерілуде. Бүгінде Абай облысы әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың қарқынды кезеңін бастан өткеріп отыр. Инвестициялық ахуалды жақсарту, өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар нақты нәтижелер беруде. Соңғы жылдары өңір экономикасына тартылатын инвестиция көлемі бірнеше есеге артып, жаңа өндіріс орындары мен ірі жобалар іске қосылуда.

Абай облысында инвестициялық саясат өңір экономикасының басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болған облыс әкімі Берік Уәлидің мәліметінше, соңғы уақытта инвестициялық жобалардың саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған. Тартылатын қаржы көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін өсті. Соның нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туып отыр. Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Семей қаласында құны 714 миллиард теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Берік Уәли арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы да баяндады.

Облыс әкімі Берік Уәли Президент тапсырмаларын орындауды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап, өңірдің барлық аудан-қалаларын аралап, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізуде. Халық көтерген мәселелердің шешімін табуға басымдық берілуде. Бұл- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Аймақ басшысы әлеуметтік желілер мен қоғамдық кездесулер арқылы тұрғындармен байланыс орнатып, мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейтуге мән беруде. Абай облысының кең байтақ даласында тарих пен бүгінгі күн сабақтасып жатыр. Солардың бірі – кезінде дербес аудан болған, бүгінде өңірлік маңызы зор аймаққа айналған бұрынғы Шұбартау өңірі. Бұл жер – қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы өркендеген, ел еңсесімен бірге еңбегі қатар дамыған қасиетті мекен. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында осы өңірге арнайы ат басын бұрып, Емелтау, Байқошқар және Баршатас ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Шалғай елді мекендерде өткен ашық жүздесулерде ауыл халқы өздерінің күнделікті тіршілігіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Жол сапасы, ауызсу, интернет байланысы және әлеуметтік нысандардың жағдайы – негізгі көтерілген тақырыптардың қатарында болды. Бұл сапар – тек ресми кездесу ғана емес, ел мен жердің тынысын бірге сезінген, халықтың үніне құлақ асқан ашық диалогтың жарқын көрінісі болды. Шалғайдағы Шұбартау даласы бүгін де ел дамуының назарынан тыс қалмай, жаңа серпінмен жаңғыру жолына бет алып келеді.

Абай облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру нысандары бой көтеріп, үш ауысымды оқытуды азайту және оқушы орындарының тапшылығын шешу бағытында нақты қадамдар жасалуда. Семей қаласы мен бірқатар аудан орталықтарында заманауи талаптарға сай мектептер салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Ауылдық елді мекендерде медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жаңғыртылып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі артуда. Бұл ауыл тұрғындарының қалаға сабылуын азайтып, сапалы медициналық қызметті жергілікті жерде алуға мүмкіндік беріп отыр. Аймақтағы медициналық ұйымдар жаңа санитарлық автокөліктермен қамтамасыз етілуде.

Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған бағыттардың бірі. Әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлерді тапсыру, жаңа көпқабатты үйлер салу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе Семей қаласында жаңа тұрғын үй алқаптарын дамытуға басымдық беріліп, заманауи шағын аудандар қалыптасып келеді.

Мәдениет саласында да жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар жаңартылуда. Бұл ауыл тұрғындарының рухани-мәдени өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауда. Осылайша, әлеуметтік нысандардың құрылысы Абай облысында тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр.

Абай облысында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын орташа және күрделі жөндеу, елді мекен ішіндегі көшелерді асфальттау жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылып жатыр. Әсіресе Семей қаласының шағын аудандарында және аудан орталықтарында көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жарықтандыру жүйесін жаңарту бағытында нақты жобалар жүзеге асуда. Ауылдарды абаттандыру бағытында саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, балалар ойын алаңдарын орнату және жасыл желек аймақтарын көбейту жұмыстары қарқын алған. Семей қаласы мен бірқатар ауылдық елді мекендерде орталық алаңдар қайта жаңғыртылып, тұрғындардың демалысына қолайлы орта қалыптастырылуда.

Өңірде елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, тозығы жеткен су құбырларын жаңарту және су тазарту жүйелерін жетілдіру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Семей қаласы мен оған жақын ауылдық аумақтарда су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту деңгейі артып келеді. Электрмен жабдықтау саласында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде ескірген электр желілері жаңартылып, трансформаторлық қосалқы станциялар жаңғыртылуда. Бұл өз кезегінде жарықтың үзіліссіз берілуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға ықпал етуде.

Жылу беру жүйелерін жаңарту да назардан тыс қалмаған. Семей қаласындағы жылу желілерін кезең-кезеңмен жөндеу, қазандықтарды жаңғырту және жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар бірқатар әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелері толық жаңартылып, энергия тиімділігі арттырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар «Әділетті Қазақстан» қағидаты аясында халықтың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлер арасындағы даму теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Берік Уәлидің «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында туған өлкені дамытуға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл жоба елден жырақта жүрсе де, туған жерімен байланысын үзбеген азаматтардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мектептер мен балабақшаларға қолдау көрсету, ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды жаңғырту, спорт және мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жобалар қолға алынуда. Аталған бастама шеңберінде кәсіпкерлер мен жерлестер тарапынан демеушілік қаражат есебінен бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнделіп, жаңа нысандар салынуда. Бұл тек материалдық қолдау ғана емес, туған жерге деген жауапкершілік пен азаматтық жанашырлықтың көрінісіне айналып отыр. Жоба өңірлерді дамытудағы мемлекеттік саясатты толықтыра отырып, Абай облысының өркендеуіне қоғам мен бизнестің бірлескен үлесін арттыруға ықпал етуде.

Соңғы жылдары Абай облысында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Абайға құрмет» акциясы. Мемлекет басшысының өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес еліміздің әр өңірі Абай облысына әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар тарту етіп, өңірдің дамуына үлесқосуда. Бұл жоба Қазақстанның бірлігі мен татулығын, ел өңірлерінің өзара қолдау мәдениетін айқын көрсетеді. «Абайға құрмет» аясында облыста мәдени, спорттық және әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне берілмек. Аталған бастама тек құрылыс жобаларымен шектелмей, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге жол ашты. Әсіресе ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл жобаның маңызы артып, елдің түкпір-түкпірінен келген тартулар Абай өңірінің жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етті.. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында бой көтеріп жатқан Мемлекеттік рәміздер алаңын сыйға тартса, Астана қаласы жаңа форматтағы «Жайлы мектеп» құрылысын жүзеге асыруда. Сонымен қатар Маңғыстау облысы – Достық үйін, Түркістан облысы – Көрме орталығын, Ақтөбе облысы – Жекпе-жек сарайын салуды қолға алды. Бұл игі бастама ел өңірлерінің Абай еліне деген құрметін ғана емес, Президенттің ұлттық бірлік пен өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі саясатының нақты көрінісін айғақтайды. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен аталған жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасындағы өңірлердің теңгерімді дамуы мен ұлттық бірлікті нығайту қағидаттарымен толық үндеседі.

Абай облысында рухани-мәдени саланы дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар қолға алынды. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойына орай, өңірде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі 100-ден астам іс-шараны қамтитын кешенді жоспар жүзеге асырылды. Оның аясында «ABAI AKADEMIYASY» энциклопедиялық порталы іске қосылып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, республикалық ақындар айтысы, әдеби кештер мен көркемөнер көрмелері ұйымдастырылды. Аймақ басшысының бастамасымен мәдениет саласына ерекше қолдау көрсетілуде. Биыл алғаш рет өнер мен мәдениет қайраткерлеріне арналған облыс әкімінің «Руханият» сыйлығы табысталды. Сонымен қатар Қарауыл ауылындағы мәдениет үйі жаңартылып, Ақсуатта жаңа мәдениет үйінің жобасы әзірленді. Семей қаласында Абай театры, Жидебай-Бөрілі музей-қорығы, Абай кітапханасы және бірқатар тарихи-мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары басталды.

Сондай-ақ Семейде дәстүрлі түрде өткізілетін «Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауы жергілікті өнерпаздарды қолдап, ұлттық өнерді насихаттаудың маңызды алаңына айналып отыр. Мұндай жобалар Абай өңірінің мәдени келбетін айқындап, жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне тың серпін беруде.

Абай облысында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Қаладан — ауылға» атты жаңа пилоттық кешенді жоба жүзеге асуда. Аймақ басшысы Берік Уәлидің тікелей бастамасымен жүзеге асырылатын бұл жоба ауылды жаңғыртуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және қала тұрғындарын ауылдық жерлерге тұрақты қоныс аударуға ынталандыруға бағытталған. Бастаманың негізгі мақсаты — ауылды өмір сүруге және кәсіп ашуға қолайлы ортаға айналдыру. Осы арқылы ауыл экономикасын жандандырып, жергілікті халықтың табысын арттыру көзделіп отыр. Жоба аясында ауылдық жерлерге қоныс аударғысы келетін азаматтарға кәсіп бастауға, мал шаруашылығын дамытуға және өндірістік жобаларды іске асыруға жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылады. Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде шетелден оралған қандастарды ауылдық елді мекендерге орналастыру мәселесі де назарға алынады. Бұл қадам ауыл халқының демографиялық және экономикалық әлеуетін күшейтіп, өңірдің тұрақты дамуына серпін бермек. «Қаладан — ауылға» жобасы Абай облысында ауылды жаңғыртудың жаңа моделіне айналып, елді мекендердің өміршеңдігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде қарастырылуда.

Абай облысында туризмді дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алакөл туристік аймағын дамыту мақсатында биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 млрд теңге бөлінді. Инфрақұрылымның жақсаруы туристер үшін қолайлы жағдай жасап, Алакөлдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерліктің өркендеуіне оң әсер етеді.

Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Абай облысында кең қолдау тауып отыр. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен өңірде жалпыөңірлік тазалық акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар облыс аумағында мыңдаған көшет отырғызылып, саябақтар мен қоғамдық орындар абаттандырылды. Берік Уәли тұрғындарға арнаған үндеуінде тазалықты бір реттік науқан емес, күнделікті мәдениетке айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы бастама аясында облыста «Үздік аудан», «Үздік ауыл», «Үздік аула» сияқты байқаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек сенбілік өткізумен шектелмей, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұл жұмыстар Абай өңірінің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыра түсті.

Абай облысында бұқаралық спортты дамыту және спорттық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өңірде жаңа спорт кешендері мен дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарының құрылысы қолға алынып, ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт алаңдары салынуда. Бұл ауыл жастарының спортқа қолжетімділігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Семей қаласы мен аудан орталықтарында футбол алаңдары, жеңіл атлетика жолақтары және жабық спорт залдары жаңғыртылып, бірқатар нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында түрлі спорттық жарыстар, марафондар және аудандық деңгейдегі спартакиадалар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Өңір спортшылары республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтижелер көрсетіп, Абай облысының абыройын арттыруда. Жергілікті спорт мектептерінде олимпиадалық резервті даярлау ісі жолға қойылып, талантты жастарды қолдау тетіктері күшейтілген. Бұл бастамалар бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз болуда.Абай облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Экономикалық даму, әлеуметтік қолдау, ашық басқару және рухани жаңғыру бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуде. «Әділетті Қазақстан» идеясы Абай облысында нақты істер арқылы жүзеге асып, өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың берік негізіне айналып келеді. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті әділетті қоғам құру мұратымен үндеседі. Осы құндылықтарды басшылыққа алған Абай облысы бүгінде жаңару мен жасампаздықтың жарқын жолына түсіп, Жаңа Қазақстанның жарқын келбетін қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
#Абай облысы, #қоғам, #Әділетті Қазақстан, #Абайға құрмет