Алматы тас жолы бойындағы зираттар жолының мәселесі
Бүгінде тұрғындардың төзімін тауысқан мәселенің бірі -Алматы тас жолы бойындағы зираттарға апарар жол. Тас жолдан түскеннен кейін бейіттерге жету деген қиямет қайым. Қарапайым халық туған-туысын еске алуға барғанда, ойдым-ойдым жолдармен арпалысып жетеді. Ал жауын-шашында мүлде жете алмайсың. Мұны инфрақұрылымдық немқұрайлық пен рухани мәдениеттің әлсіреуі демеске амал жоқ.

Қазақ қоғамында бейітке барып, марқұмдарға дұға бағыштау – ата-баба алдындағы парыз әрі ұлт болмысының бөлшегі.
Алайда соңғы жылдары осы дәстүрді орындаудың өзі қиынға айналып отыр. Алматы тас жолы бойындағы зираттарға жету үшін тұрғындар шұңқырларды айналып өтеді, кейде көліктер батып, жаяу жүруге тура келеді.

Тас жолдан түсісімен-ақ айырмашылық анық сезіледі: тегіс асфальттың орнын ойдым-ойдым, ұсақ тасты соқпақ басады.Инфрақұрылым жөніндегі жауапты мекемелер зират жолдарын әдетте "екінші дәрежелі" нысандар қатарына жатқызады.Бюджет жоспарлауда әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана, шағын аудан жолдарына басымдық беріліп, бейітке апарар бағыттар назардан тыс қалып отыр. Мұндай немқұрайлықтың салдары – жыл сайын қайталанатын көрініс: жол бүлінеді, жаңбырдан кейін лайсаңға айналады, ал тұрғындар әкімдікке айтудан шаршаған.
Зиратқа апарар жолдың сапасы – қоғамның мәдени деңгейін көрсетеді. Бейіттің тазалығы мен оған апарар жолдың жағдайы – тірілердің рухани тәрбиесінің айнасы.Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген терең мәнді сөз бар. Өткенге құрмет – жол тегістеуден, тазалық сақтаудан басталады.

Бұл мәселені қала аумағындағы бейіт жолдарын маусым сайынғы жөндеу кестесіне енгізу арқылы және тұрғындар мен кәсіпкерлер жолды тегістеу, тазалық сақтау ісіне бірлесіп атсалысу арқылы шешуге болады. Рухани парызды ұмытпау – ұлттық сананың өлшемі. Зиратқа апарар жол мәселесі – бұл тек жол сапасының емес, қоғамның өз болмысына деген көзқарасының көрсеткіші.
Жергілікті билік мұндай нысандарды «ұсақ мәселе» ретінде емес, рухани-инфрақұрылымдық басымдық ретінде қарауы керек. Қарапайым жолды жөндеу арқылы біз тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қоймаймыз —
ата-баба рухына құрметімізді, тірілердің мәдениетін де дәріптейміз.