«AMANAT» партиясы: Халықпен бірге – болашаққа сенімді қадам

«AMANAT» партиясы: Халықпен бірге – болашаққа сенімді қадам

Қазіргі Жаңа Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жетекші орын алатын «AMANAT» партиясы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауда және жүзеге асыруда белсенді рөл атқарып келеді. Партияның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және мемлекеттік басқару мен шешім қабылдау процестеріне халықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету. «AMANAT» партиясы – бұл тек қана саяси институт емес, сонымен қатар халықпен күнделікті диалог жүргізетін, азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде қоғамдық күш. Маңызды жобалар туралы партияның баспасөз орталығының ақпараттары негізінде abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тарқатып айтып шығады.  

Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы – Қазақстан азаматтарының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік бастама. Бұл жоба 2023 жылы Halyk Bank-пен бірлесіп іске қосылып, ауыл тұрғындарын қаржылық біліммен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Жобаазаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды, несиеге белшесінен батқандарға көмек көрсетуді және халықтың тұрақты табыс көзін табуына жағдай жасауды мақсат етеді. Жоба аясында мыңдаған азаматқа заңгерлік, психологиялық және экономикалық кеңес берілді. Сонымен қатар қаржы институттарымен бірлесіп, борыш жүктемесін азайтуға бағытталған келіссөздер жүргізілген. Өткен жылы жоба аясында 780 мың қазақстандық азамат қаржылық сауаттылығын арттырған. Қатысушылардың 40%-дан астамы өздерінің борыш жүктемесін төмендетсе, 70%-ы ай сайынғы төлемдер сомасын, ал 41%-ы кредиттердің жалпы санын азайтқан. 40 мыңнан астам адам оқытудан өткен, 4000-нан астам заң тұрғысынан кеңестер берілген. Жоба аясында еліміз бойынша қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша тегін курстар өткізілуде. Оларда жеке бюджетті басқару, қарыздарды тиімді өтеу, қаржылық алаяқтықтан сақтану және бизнес жоспарлау негіздері үйретіледі. 

Жобаның жоғары тиімділігін және халық тарапынан оң пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысы жобаны республикалық маңызы бар барлық облыс орталықтары мен қалаларда кеңінен таратуды тапсырған болатын.

«Қарызсыз қоғам» жобасы – Қазақстан азаматтарының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба арқылы азаматтар өздерінің қаржылық жағдайын жақсартып, борыштық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік алады. Жобаның болашақта барлық өңірлерде жүзеге асырылуы қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз.

Қазақстанда жер — тек табиғи байлық қана емес, ол халықтың өмір сүру көзі, ұлттық мұра. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан «Жер аманаты» жобасы — әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. «Жер аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың пайдалануына заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару арқылы әділдік пен тиімділікті қамтамасыз етуді мақсат етеді. Басты міндет: жер қорын түгендеу, заңсыз иеленген және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бұл жерлерді ауыл халқына әділ түрде бөліп беру немесе тиімді инвестиция тарту арқылы пайдалану. 2023 жылы басталған жоба аясында республиканың барлық өңірлерінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Бас прокуратураның және «AMANAT» партиясының өңірлік филиалдарының бірлескен жұмысының арқасында 2,9 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде 1,8 миллион гектар жер — жайылымдық алқаптар.Қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарының мұқтажына бөлініп, мал жаю және егіншілікпен айналысуға жағдай жасалуда. 

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша,бұл жоба — жай ғана жер мәселесі емес, бұл әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жолы. Жер халықтың меншігі ретінде ел игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан партия бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді. 

«Жер аманаты» жобасы — ауыл халқына үміт сыйлаған, елдің сенімін қайтара білген бастама. Бұл — тек жерді қайтару ғана емес, елді жаңарту, халыққа әділет әкелу жолындағы нақты қадам. 

Ауыл – әр қазақтың жүрегінде жататын қасиетті мекен. Ол – біздің өткеніміздің куәсі, бүгініміздің тірегі, ертеңіміздің бастауы. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл инфрақұрылымын жақсарту. Жоба аясында ауыл тұрғындарына жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несиелер берілді. Сондай ақ өз ісін бастау үшін қажетті қаржы қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Жоба аясында 2029 жылға дейін 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 1 триллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында жүзеге асырылған шаралар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру мен құқық қорғау тетіктеріне еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» атты ауқымды әлеуметтік жобаны іске асырып келеді. Бұл бастама – халықтың сұранысына негізделген маңызды қадам. Азаматтардың құқықтық мәселелер бойынша сапалы кеңес алуын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта «AMANAT» партиясының қолдауымен құрылған жоба түрлі әлеуметтік топтарға, соның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тегін құқықтық кеңес беру арқылы көмек көрсетіп отыр. Жобаның мақсаты: халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға білікті кеңес беру, құқық қорғау органдарына жүгіну тетіктерін түсіндіру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Жобаның іске қосылған сәтінен бастап мыңдаған қазақстандықтар тегін құқықтық кеңес алып, өз мәселелерін шешуге мүмкіндік алды. Көптеген тұрғындар үшін бұл жоба – заң алдындағы сенімділіктің және қолжетімді әділеттіліктің кепіліне айналды.

Бұл бастамалар – «AMANAT» партиясының халықпен тікелей байланыс орнатып, олардың нақты мәселелерін шешуге ұмтылғанын көрсетеді. Партия ел болашағы үшін маңызды стратегиялық бағыттарды белгілеп қана қоймай, олардың нақты жүзеге асуына да белсенді атсалысып келеді.

«AMANAT» партиясының бастамалары – әділетті, қуатты және азаматтарға қолайлы Қазақстанды құру жолындағы нақты, жүйелі қадамдар.

(Суреттер әлеуметтік желіден алынды)


#АМАНАТ партиясы, #Ауыл Аманаты, #"Жер Аманаты"