«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 6 415 азамат тегін оқытылған
«AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы соңғы 11 айда ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы, Абай облысы маслихатының төрағасы, Қуаныш Сүлейменов баяндады.
- Партия құрамында 28 324 мүше, 9 аумақтық филиал және 137 бастауыш партия ұйымы бар, жыл басынан бері мүшелер саны 4 285 адамға өсті. Осы уақыт аралығында бастауыш ұйымдарда 211 кездесу, 35 фракция отырысы өткізіліп, 83 ұсыныс қабылданды. Отырыстарда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, су тасқыны, құрғақшылық мәселелері, әлеуметтік мекемелердің дайындықтары, инфрақұрылым және экологиялық жобалар сияқты маңызды тақырыптар талқыланды,- деп атап өтті маслихат төрағасы.
2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының 2024 жылғы Жол картасы аясында 101 іс-шара жоспарланған, оның 52,4%-ы орындалып, 33,6%-ы жүзеге асырылу үстінде.
- 5 нысанның орындалуында қиындықтар бар, оларға қатысты тиісті шаралар қолға алынды. Мысалы, жастарға 2,5%-дық микрокредит беру, мектептер мен су құбыры нысандарының құрылысы жоспарға сәйкес орындалуда, алайда кейбір жобалар мердігерлік міндеттердің бұзылуына байланысты 2025 жылға шегерілуде,- деді спикер.
Қуаныш Сүлейменовтың айтуынша, партиялық бақылау комиссиясы аясында 122 нысанға бақылау орнатылып, оның 32-і пайдалануға берілді. Жыл басынан бері партия филиалдарына 2468 арыз-өтініш келіп түссе, оның 53,5 % -ы (яғни 1441) оң шешіліп, 40% (яғни 996) заң аясында кеңес берілді.Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар бойынша 800-ден астам іс-шара өткізілген. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 6 415 азамат тегін оқытылып, ал «Жер Аманаты» комиссиясы арқылы 114,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылған.