Бірлік пен татулықтың жарқын мерекесі – Семейдегі тағылымды фестиваль
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздің барлық өңірінде кеңінен аталып өтетін маңызды мерекелердің бірі. Атаулы мерекеге орай, Абай облысында да мазмұнды әрі тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты мерекелік фестивалі өтті. Оның барысында Абайдың ғибратты әрі терең мағыналы қара сөздері оқылып, әндері шырқалды. «Семей көктемі» мәдени маусымы шеңберіндегі шара елдегі түрлі этнос өкілдерінің достығы мен бірлігін дәріптеп, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуды мақсат еткен, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Мерекелік жиында облыс әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарын құттықтап, татулық пен келісімнің қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген ел бірлігі – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры екенін айтты. Шынында да, түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі.

Баршаңызды ұлыс пен ұлтты ұйыстырған, татулық пен тұтастықтың мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бірлік пен ынтымақтың ең мейірімді әрі жарқын мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», – деп айрықша атап өткен болатын,-деді аймақ басшысы.
Ежелден қазақы қаймағы бұзылмаған, дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған Абай елі де әрқашан береке мен бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатыр,-деген Берік Уәли ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясына тоқталды. Бұл бастама аясында еліміздің әр өңірі Абай облысына тарту жасап, өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруда.

Фестиваль барысында этномәдени бірлестіктер ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көрмелер ұйымдастырып, әр халықтың салт-дәстүрі мен өнерін кеңінен таныстырды. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады.

Сонымен қатар «Достық кітапханасы» әдеби алаңы, балалар шығармашылығына арналған көрмелер, спорттық ойындар мен демалыс аймақтары жұмыс істеп, мерекенің мазмұнын арттырды.


Мерекелік кеш әсерлі концерттік бағдарламамен қорытындыланып, ән мен күйге ұласқан рухани кеш көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Шара барысында тұрғындар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсіп, қуаныштарымен бөлісті. Олардың қатарында Семейде білім алып жатқан шетелдік студенттердің болуы – қаланың мәдени ашықтығы мен достыққа негізделген ортасын айқындай түсті.



Бүгінде Абай облысында 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеп келеді. Жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында жыл сайын мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылуы – өңірдегі татулық пен келісімнің берік орныққанын көрсетеді.



Семей төрінде өткен бұл мерекелік фестиваль – ел ішіндегі бірлік пен бауырмалдықтың жарқын көрінісі ғана емес, ұлттар арасындағы өзара құрмет пен түсіністіктің үлгісіне айналған тағылымды шара болды.
#Семей, #Абай облысы, #мереке, #1 мамыр - Қазақстан халқының Бірлігі күні