Елімізде автожол саласында шамамен 25 мың маман еңбек етуде
Биыл елімізде алғаш рет Автожол қызметкерлері күні ресми түрде аталып өтті. Мереке – тек жол саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мейрамы ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Себебі, сапалы әрі қауіпсіз жол – экономикалық өсімнің, ел қауіпсіздігінің және азаматтардың өмір сүру сапасының басты кепілі. Қазіргі таңда елімізде автожол саласында шамамен 25 мың маман еңбек етуде. Олардың қатарында инженерлер мен жобалаушылар, құрылысшылар мен механизаторлар, операторлар, жүргізушілер және қарапайым жұмысшылар бар. Бұл адамдар күн-түн демей, аптап ыстықта да, қақаған аязда да еліміздің түкпір-түкпірінде көлік жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Кәсіби мерекеге орай “ Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Абай облыстық филиалында, салаға еңбек сіңірген мамандар марапатталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі “ Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Абай облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Автожол саласындағы еңбек ардагерлері кеңесі – Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысындағы өкілі Тілеген Ауғанұлы Мешелов 47 жылдық еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Сонымен қатар «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалының бірқатар мамандары да кәсіби мерекеге орай марапатқа ие болды.


Бұл марапаттар – олардың еңбегіне берілген жоғары баға мен құрметтің белгісі.
Жолдың жай-күйі елдің даму деңгейін көрсетеді, сондықтан осы сала мамандарының еңбегін мойындау – мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет пен алғыстың белгісі.
Автожол саласындағы басты бағыттардың бірі – жол сапасын бақылау мен қадағалау. Бұл бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ерекше рөл атқарады. Орталық мамандары құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдар мен технологиялардың сапасын мұқият тексеріп, кемшіліктерді дер кезінде анықтайды.
#Абай облысы, #мереке, #"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"