Қайрат рухына тағзым: Батырдың туған-туыстары Семейге келді
Қазақ халқының азаттығы жолында жанын қиған Желтоқсан батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған-туыстары Семейге арнайы келіп, батыр рухына тағзым етті. Ер есімі ел жадында мәңгі сақталатынын тағы бір мәрте дәлелдеген бұл тағылымды шара Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Оған қоғам өкілдері мен желтоқсандықтар қатысты.Қайрат Ноғайбайұлы – тәуелсіздік жолында құрбан болған өр рухты қазақ жастарының символына айналған тұлға. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін кеңестік биліктің қатаң жазалауына ұшырап, сот үкімімен ату жазасына кесілген еді. Кейін жаза 20 жылға ауыстырылғанымен, 1988 жылдың 21 мамырында небәрі 21 жасында Семей түрмесінің 21-камерасында қаза тапты. Ресми деректерде оның рецидивистің қолынан мерт болғаны айтылады. Алайда халық жүрегінде Қайрат әділетсіз жүйенің құрбаны ретінде сақталды.

Биыл батыр тірі болғанда 60 жасқа толар еді. Осыған орай Жамбыл өңірінен Семейге Қайраттың ағасы Есентай Ноғайбайұлы, апа-жездесі Мақсат пен Гүлнара, қарындасы Клара арнайы келді. Қонақтарды "Абай облысы Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектептің ұжымы қарсы алды.

Алдымен батыр жерленген орынға барып, құран бағышталып, рухына тағзым жасалды. Кейін арнайы ас беріліп, Құран оқылды. Тағылымды шара барысында Қайраттың туыстары Семей жұртшылығына алғыстарын білдірді.
– Бауырымыздың туған жерден жырақта жерленгені, әрине, ауыр. Дегенмен Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптар жатқан қасиетті топырақтан орын бұйырғаны көңілімізге медеу. Бұл – Алланың жазуы шығар. Семей халқына ризамыз. Қайраттың атында көше, мектеп, ескерткіш бар. Халық оны ұмытпай, жас ұрпаққа үлгі етіп келеді. Қайрат – халықтың баласы. Алла разы болсын, – деді батырдың ағасы Есентай Ноғайбайұлы.
Қайрат Рысқұлбековтің есімі – тәуелсіздік шежіресіндегі қасиетті ұғымдардың бірі. Оның қайсарлығы мен елге деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпаққа рух беріп, азаттықтың қадірін ұғындыра түседі. Семейдегі тағзым шарасы – батыр рухына көрсетілген құрмет қана емес, ұлттық жадымызды жаңғыртқан маңызды рухани кездесу болды.

Бұған дейін, 13 наурыз күні Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған күніне орай Абай облысы әкімдігінің қолдауымен бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылған болатын. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл күнде батыр рухына арнайы ауызашар беріліп, Құран бағышталды. Жиналған жұрт ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған қайсар ұлдың ерлігін еске алып, рухына тағзым жасады.

Сонымен қатар өңір жастарының қатысуымен тәрбиелік мәні зор кездесулер өтті. Басқосулар барысында Желтоқсан қаһарманының өмір жолы, елдік пен ерлікке толы қайсар болмысы туралы естеліктер айтылып, оның ұлт руханиятындағы орны кеңінен насихатталды. Батырдың өр мінезі мен отансүйгіштігі кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.
#Семей, #Абай облысы, #Желтоқсан көтерілісі