Жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасын тексеру енді цифрлық жүйе арқылы жүргізіледі. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-да қолданылатын KazRoadLab платформасы сынамаларды тіркеу, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін сақтау және бақылау жұмыстарын жүйелеу мүмкіндігін береді.
Ақпараттық жүйе жол инженерлері мен сынақ зертханаларының жұмысын бір ортаға біріктіреді. Сынама алынған сәттен бастап зерттеу қорытындысы дайын болғанға дейінгі барлық кезең электронды түрде тіркеледі.
Жол нысанында инженер планшет арқылы материал туралы ақпаратты енгізіп, сынама алынған жерді белгілейді және фотосуреттерді жүйеге жүктейді. Бұл мәліметтерді орталықтандырылған түрде сақтауға және қағаз құжат айналымын азайтуға мүмкіндік береді.
Әрбір сынамаға жеке QR-код тағайындалады. Оның көмегімен материалдың зертханалық тексеруден өту тарихын бақылауға болады. Сонымен қатар зертхана мамандарына сынаманың қай нысаннан алынғаны, мердігер мен тапсырыс берушінің кім екені көрсетілмейді. Мұндай тәсіл зерттеу нәтижелеріне сыртқы ықпал ету ықтималдығын төмендетуге бағытталған.
KazRoadLab жүйесі сынақ жабдықтарынан алынған деректерді тікелей қабылдап, бекітілген әдістемелерге сәйкес есептеулер жүргізеді. Нәтижелер сынақ хаттамасына енгізіледі. Осылайша, көрсеткіштерді қолмен көшіру немесе есептеу кезінде жіберілуі мүмкін қателер азаяды.
Бақылау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өлшеу құралдарының көрсеткіштері камералар арқылы тіркеледі. Түсірілген фотоматериалдар зерттеу нәтижелерімен бірге сақталады. Қажет болған жағдайда сынақ кезіндегі көрсеткіштерді қайта қарап, қорытындыларды тексеруге болады.
Жүйені тапсырыс берушілер мен мердігерлер де пайдалана алады. Олар өз нысандарына қатысты сынақ нәтижелерімен және анықталған ескертулермен танысып, тиісті құжаттарды тіркеп, жауап жолдау мүмкіндігіне ие.
KazRoadLab платформасы Орталықта 2019 жылдан бері қолданылады. Ал 2024 жылы жүйенің жұмысын жеделдету және функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ол жаңа технологиялық платформаға көшірілді.
Цифрлық шешім зертханалық зерттеулерді тиімді ұйымдастыруға, ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге және жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау барысын ашық жүргізуге мүмкіндік береді.
KazRoadLab: жол сапасын бақылау цифрлық форматқа көшті




