ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ ЖОЛДАРДЫ КҮТІП ҰСТАУ МАҢЫЗДЫ
Облыс аумағындағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау айрықша бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға бірнеше мердігер компаниялар жауапты. Оның ішіндегі облыстық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстауға негізгі шарт "Семей Жолдары" ЖШС-мен жасалған. Бұл туралы автожолдарды дамыту және күтіп ұстау бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Көпшілов баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Абай облысы бойынша пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 696 шақырымды құрайды. Оның ішінде Республикалық маңызы бар жолдар - 2 176 км, облыстық маңызы бар жолдар – 1 592 км, аудандық маңызы бар жолдар - 2 928 км. Облыстың барлық аудандарындағы жолдарға жұмыс істеуге арнайы жұмылдырылған 234 техника бар.
- Автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға арналған өндірістік үй-жайлар мен бокстар 7 елді мекенде бар. Семей және Аягөз қалалары, Қарауыл , Мақаншы , Көкпекті, Ақсуат пен Қалбатау ауылдары. Сонымен қатар 15 бірлік көлемінде қар тазалау техникасы бойынша ұсыныс түсті. Бүгінгі күні бұл мәселе пысықталуда, - деді Нұрсұлтан Көпшілов.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Абай облысы бойынша филиалының директоры Фурхат Джуланов автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылғанын айтты.
- Жаңа жылдан бастап ауа-райына байланысты облысымыздағы жолдар 29 рет жабылды. Облыстық маңызы бар жолдар бойынша барлық бағыттарда жол жүру қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда бізде 80 бірлік техника жұмыс істейді, - деді спикер.
Өткен жылдағы талдау негізінде 1 592 км автожолдың 51,3 км қарлы учаскелер болып табылатыны анықталған. Ол жолдарға арналған тәулік бойы патрульдік қызмет пен қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Көктайғақ кезінде коммуналдық қызметтер материалдық жағынан толық дайын.
2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңде облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелерінде жол қозғалысын шектеу кезінде өзара іс-қимыл жөніндегі автомобиль жолдары комитеті әзірлеген Жол картасы жасалған.