Наурыз мейрамы Абай облысында кең көлемде, жаңа форматта атап өтілуде

Наурыз мейрамы Абай облысында кең көлемде, жаңа форматта атап өтілуде

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы биыл кең көлемде және ерекше форматта атап өтілуде.

Той-думан тек 22 наурызбен шектелмей, мерекені ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру мақсатында Мемлекет басшысы 2024 жылы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Бұл күндері өңірде ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, мәдени, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар өткізілді.

 

Облыс орталығы — Семей қаласындағы Наурыз мейрамының шаралар легі орталық алаңда «Құтты болсын, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымымен басталды. Театрландырылған қойылым барысында «селт еткізер», «ат тергеу», «көрісу», «аластау» рәсімдері халық назарына ұсынылды. 

   Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтады. 

«Мемлекет басшысы «Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз-Наурыз күллі халыққа ортақ, жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді» - деп айтқандай, Наурыз — барша қазақстандықтардың сүйікті мейрамы. Ол халқымыздың болмысы мен дүниетанымын, бірлігі мен татулығын айшықтайтын, адамзатқа ортақ ізгілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн» деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде 11 наурызда Президент қабылдауында болғанда Мемлекет басшысы өңірдің өзекті мәселелеріне көңіл бөліп, тиісті тапсырмалар бергенін жеткізді. 

Президенттің қолдауымен Семей қаласында облыстық аурухана, жаңа театр салынады. Семейдегі Оқушылар сарайының құрылысын аяқтауға 8,6 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

«Сондай-ақ, ұлы Абайдың 180 жылдығына тарту ретінде, еліміздің әр өңірі облысымызға сыйлық жасап, әлеуметтік нысандарды жаңарту-жаңғыртуға көмектесуін өтінген ұсынысымызды ел Президенті қолдады. Қазірдің өзінде кейбір облыстар ықыласын білдіріп, хабарласа бастады. Бұйырса биыл жаз бойы Семей қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады. Мұның бәрі өңіріміздің еңсесін көтеріп, дамуын жеделдете түспек. Абай облысы халқының қолдауымен алда талай ауқымды жобаларды атқарып, өңірді бірге көркейтеміз деп сенемін. Өңіріміз қашанда ұлттық құндылықтарды көз қарашығындай қастерлеп, ата дәсүр мен заман дамуын ұштастырып келе жатқан жақсылыққа құштар, жаңалыққа ашық аймақ. Ұлы Абайдың мекені, Абайдың ізгі жолын жалғастырған алаш арыстарының орталығы болған қасиетті жер. Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт-береке, амандық, ырыс-несібе тілеймін. Наурызнама онкүндігі игі бастамаларға серпін берсін. Ұлық мейрам жақсылығымен келіп, елдігімізді нығайтып, мерейімізді өсірсін» деді аймақ басшысы.

 


#Абай облысы, #Наурыз