Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 52 қаралымabaidan.kz

«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды»: тарихи жадыны жаңғыртқан кездесу

«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды»: тарихи жадыны жаңғыртқан кездесу

 «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды»: тарихи жадыны жаңғыртқан кездесу

Семей қалалық мәдениет сарайының концерт залында «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» онкүндігі аясында «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға тарихшылар, жоғары оқу орындары мен колледждердің, мектептердің оқытушылары, «Жас Ұлан» ерлер лицейінің оқушылары, мерзімді әскери қызмет сарбаздары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және ерікті іздеушілер қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан қорғаған жауынгерлердің ерлігін ұлықтау, тарихи жадыны сақтау, ардагерлерге құрмет көрсету, 1941 жылы Семей қаласында жасақталған 238-ші атқыштар дивизиясы құрамында болған қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің тағдырын зерттеу, сондай-ақ өскелең ұрпаққа патриотизм, ерлік, батылдық және аға буынның ерлігіне құрмет сияқты құндылықтарды дәріптеу болды.

Семей өңірінің жауынгерлері 1941-1945 жылдардағы соғыс жылдарында Мәскеу мен Ленинградты қорғауға, Сталинград, Курск шайқастарына, Днепрден өту операциясына, Украина мен Беларусьті азат етуге, Берлин операциясына және басқа да маңызды әскери қимылдарға қатысты.

Семей облысының аумағында соғыс жылдары екі атқыштар дивизиясы – 8-ші және 238-ші атқыштар дивизиялары жасақталды. Семей жерінен ел қорғауға 106 267 адам аттанып, олардың 44 984-і туған жеріне қайта оралмады. Олардың әрқайсысының тағдыры – ел тарихының ажырамас бөлігі.

Кездесу барысында соғыстың аяқталғанына 81 жыл өтсе де, көптеген жауынгерлердің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз екені айтылды. Олардың есімдерін анықтау, жерленген орындарын табу, туған-туыстарына ақпарат жеткізу – іздеушілердің маңызды әрі жауапты жұмысы.

Іс-шара қатысушылары Отан қорғау жолында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен барлық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Семей мен Туланы байланыстырған тағдырлы тарих

Бүгінгі кездесудің Семей қаласы үшін маңызы ерекше. Себебі 1941 жылы дәл осы жерде 238-ші атқыштар дивизиясын жасақтау басталған болатын. Дивизия штабы Семейде орналасты, ал оның жеке құрамының едәуір бөлігін Семей және Шығыс Қазақстан өңірлерінің тұрғындары құрады.

1941 жылдың қазан айында дивизия Тула қаласына келіп, қаланы қорғауға қатысты. Кейіннен ол 30-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. Осылайша 238-ші атқыштар дивизиясының тарихы Семей мен Тула қалаларының тағдырын мәңгілікке байланыстырды.

Кездесудің арнайы қонағы – Тула облысынан келген іздеуші-ерікті, Тула облыстық жастардың «Іздеуші» іздестіру орталығы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Раиса Николаевна Очнева болды.

Раиса Николаевна көп жылдан бері соғыс жылдарында қаза тапқан әскери қызметшілердің тағдырын анықтау, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің туыстарын іздеу және әскери жерлеу орындарын сақтау бағытында жұмыс істеп келеді. Оның зерттеу қызметінде 238-ші атқыштар дивизиясы құрамында болған қазақстандық жауынгерлердің тарихы ерекше орын алады.

Раиса Николаевна «238-ші атқыштар дивизиясының Естелік эстафетасының» бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болды. Осы акция аясында 2022 жылы Тула облысының Алексин қаласындағы Даңқ қорғанынан алынған топырақ Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

Ал 2024 жылы Семей қаласы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Алексин қаласының Даңқ қорғанынан әкелінген топырақ алты ауыл мектебінің, 16 қалалық мектептің және үш колледждің музейлеріне салтанатты түрде табысталды. Бұл – дивизия жасақталған жер мен оның жауынгерлері шайқасқан жер арасындағы тарихи байланыстың символына айналды.

Кездесу барысында Семей қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов Раиса Очневаға арнайы сыйлық табыстады.

Іздеу жұмысы – тарихи жадыны жаңғырту

Шара барысында Раиса Николаевна Очнева іздестіру-зерттеу жұмыстары туралы айтып, соғыс жылдарындағы жауынгерлердің тағдырын анықтау жолындағы атқарылған жұмыстарымен бөлісті.

Сондай-ақ кездесуде Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Мақпал Чайкова қатысып, кездесудің маңыздылығына тоқталды. 

Жиында  238-ші атқыштар дивизиясының тарихын сақтау бағытында музейлердің атқарып отырған жұмысы да атап өтілді. Дивизияның Семейде жасақталуы туралы деректер музей экспозицияларында құжаттар, фотосуреттер және соғыс жылдарынан жеткен басқа да жәдігерлер арқылы көрсетілген.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Дарья Каливошкина музей қорындағы тарихи құндылықтар жөнінде айтып өтті. Сол жәдігерлердің бірі – Тула облысының Алексин қаласындағы Даңқ қорғанынан әкелінген топырақ салынған капсула.

Кездесуде Семей қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, жазушы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ардагері, отставкадағы полковник Шаймардан Қалиақпаров та сөз сөйлеп, тарихи жадыны сақтаудың маңызына тоқталды.

Абай облысында тарихи жадыны жаңғыртуға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – «Ерлік-Данк» іздестіру-зерттеу жасағы. Жасақ мүшелері негізгі қызметтерімен қатар, іздестіру жұмыстарына уақыт бөліп, майдан далаларындағы экспедицияларға қатысып келеді.

2026 жылдың жазында «Ерлік-Данк» іздестіру жасағы Ресей Федерациясының Калининград облысында өткен халықаралық «Естелік вахтасына» қатысты. Іс-шара барысында жасақ командирі Арман Мұқанов атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Кездесудің маңызды сәттерінің бірі – іздеу жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің Әскери және еңбек даңқы бөлімі қорына тұрақты сақтауға тапсыру рәсімі болды. Тараптар жәдігерлерді қабылдау-тапсыру актісіне қол қойды.

Іздеушілердің еңбегі – өткен тарих алдындағы ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы да үлкен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Майдан даласынан табылған әрбір жәдігер, мұрағаттан анықталған әрбір дерек пен есімі қайта жаңғырған әрбір жауынгер – тұтас бір адам тағдырының тарихы.

Естелік – ұрпаққа аманат

238-ші атқыштар дивизиясының тарихы – Семей мен Тула арасындағы тарихи байланыстың жарқын мысалы. Бүгінде бұл байланысты іздеушілер, тарихшылар, музей қызметкерлері мен ардагерлер жалғастырып келеді.

«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» атты кездесу барысында қатысушылар жауынгерлердің ерлігін есте сақтау, олардың есімдерін ұрпаққа жеткізу және тарихи мұраны сақтау – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Әрбір табылған жауынгер – тарихымыздың бір бөлігі. Әрбір анықталған есім – кейінгі ұрпаққа аманат.

Батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Іздеу жұмыстары ұрпақтарды, Семей мен Туланы, Қазақстан мен Ресейді жалғайтын тарихи көпір бола бермек.