Облыс әкімі Жаңасемей ауданының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Қайнар ауылында ауданның тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Жаңасемей – мал және егін шаруашылығына бейім аудан. Биыл аудан шаруалары 14,9 мың гектар алқапта егін жинады. Әсіресе картоп, көкөніс және бақша өнімдеріне сұраныс жоғары. Аудан көкөніс өсіруде өңірдің тірек аудандарының бірі болып келеді. Облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында 451 техника сатып алынды. «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында өңір шаруаларына 9,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілсе, оның 578 миллион теңгесін жаңасемейлік диқандар алды. Ауданда 46,7 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге, жұмыс орындарын ашуға және өңдеу саласын дамытуға ықпал етеді. Жаңасемейде 6,8 мың гектарда су үнемдеу технологиясы енгізілген. 2031 жылға дейін облыста мұндай алқаптарды 88,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге ауданда қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна ет өндіретін ірі ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Инвестор 5000 басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлауда. Биыл облыстағы инвестициялық жобалар саны 29-дан 97-ге өсті. Инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге ұлғайды. Жыл соңына дейін барлығы 14 жоба іске қосылады. Жаңасемей ауданында құны 110,7 млрд теңге болатын, 1 200 жұмыс орнын ашатын 9 жоба жүзеге асуы тиіс. Облыс бойынша биыл 12 жылу көзі жаңартылып, 13,6 шақырым құбыр ауыстырылды. Ауданның бірқатар ауылдарында жаңа су жүйелері салынып, құбырлар жаңартылып жатыр. Қайнар және Алғабас ауылдарындағы қазандықтар ауыстырылды. Биыл Жаңасемейдің Приречный және Түрксіб мектептері күрделі жөндеуден өтті. 13 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мектептерге пән кабинеттері, жиһаздар, автобус сатып алынды. Абыралы аудандық ауруханасына стоматологиялық құрал-жабдық алынады. Жаңасемей ауданында 14 медициналық пункт салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленуде.

Кездесу соңында аймақ басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Облыс әкімі жиында Қайнар ауылындағы Мәдениет үйіне жақында музыкалық аппарат пен лед-экран берілетінін айтты.
Аудан тұрғындарымен кездесуді бұрынғы аудан орталығы болған, Семейден 300 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылында өткізуді жөн деп ұйғардық. Абыралы өңіріне бұған дейін арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауылдардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Жаңадан құрылған ауданның жағдайы мен тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелерді жақсы білемін. Жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді облыс әкімі.
Абыралы өңірінің тұрғындары аймақ басшысына қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.
Абыралы ауданы тараған 1997 жылдан бері мұндай деңгейдегі жиын өтпеген шығар. Бүгін міне ауруханаға он жаңа компьютер келді, тағы да басқа жаңа жабдықтар беріледі деп естіп, қуанып жатырмыз. Мектептерге жаңа қазандықтар орнатуға көмектестіңіз. Қиыр жайлап, шет қонған өңірімізді назардан тыс қалдырмағаныңыз үшін тұрғындар атынан алғыс айтамыз, - деді Қайнар ауылының тұрғындары.