SAQ жобасы: Мектеп – білім ордасы ғана емес, қауіпсіз орта болуы тиіс

SAQ жобасы: Мектеп – білім ордасы ғана емес, қауіпсіз орта болуы тиіс

Биыл көктемде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жүздеген мектептерде дүрбелеңсіз, алайда өмірлік маңызы зор оқу-жаттығулар өтті. Сабақ уақытында мектеп қоңырауы соғылып, балаларды үзіліске емес, қауіпсіздікке шақырды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Бұл — халықаралық SAQ (School Assessment for Quality) жобасының қорытынды кезеңі болатын. Жоба аясында республика бойынша 200-ге жуық мектепте бір мезетте эвакуациялық оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, 4053 адам сәтті эвакуацияланды. Оның ішінде 3482 оқушы, 435 мұғалім және 146 техникалық қызметкер қауіпсіз орындарға бағытталды. Бұл жай ғана оқу-жаттығу емес – бұл нақты дайындық, шынайы тәжірибе, болашақ ұрпақтың өмірі үшін жасалған қамқор қадам болды.

Ауқымды жобаның қолдаушысы, сенімді серіктестің бірі – әлемдік деңгейдегі энергетикалық алпауыт «Шеврон» компаниясы. Компания өз қызметін тек өндірістік жетістіктермен емес, әлеуметтік жауапкершілікпен де өрбітуді мақсат етіп келеді. SAQ жобасы – осы ниеттің жарқын көрінісі. «Шеврон» компаниясы Ұлттық волонтерлік желі, «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен жобаны үйлестіріп, білім саласында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты.

«Қазіргі таңда білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру — қоғамның стратегиялық міндеттерінің бірі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі шұғыл әрекет етуге үйрету — біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл ретте «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан SAQ жобасының маңызы ерекше», – дейді Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының маманы Димаш Аскаров.

Оқу-жаттығуға еліміздің барлық өңірлері белсене қатысты. Әсіресе Абай, Атырау және Қостанай облыстарының серіктес мектептері ерекше белсенділік танытып, тәжірибе алмасуда алдыңғы қатардан көрінді.

Абай облысынан 10 мектеп (№16, №5, №3, №27, №22, №6, №48, №41, №33, №35) оқушылар мен ұстаздар үшін қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, практикалық дағдыларды пысықтады. Аягөз бен Бесқарағай аудандарының мұғалімдері Жұпар Жарылқасынова,Аслан Еділбаев, Айзат Жұмадилова,Бекзат Елубаев  өз білімдерімен, көшбасшылықтарымен ерекшеленді. 

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Аслан Еділбаев жобаның практикалық мәнін ерекше атап өтті:

«Жоба аясында алған біліміміз құнды деп санаймын. Өйткені қазіргі заманда қауіпсіздік – басты құндылық. Төтенше жағдайлардың алдын алу, алғашқы көмек көрсету, эвакуация кезіндегі нақты әрекеттер туралы пайдалы ақпарат алдық. Бұл білімдерді оқу процесіне енгізу – уақыт талабы», – дейді ол.

Жоба шеңберінде қатысушылар теориялық курстардан өтіп, тәжірибелік тапсырмаларды сәтті орындады. Олар енді еліміздің кез келген аймағында қауіпсіздік бойынша білім тарата алатын құзыретті мамандар санатына қосылды.

SAQ жобасы мектеп қабырғасындағы әрбір бала өзін қауіпсіз сезінуі керек деген қарапайым, бірақ аса маңызды ойды іс жүзінде дәлелдеді. Балалар апатты жағдайда не істеу керектігін үйренді, ал мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер нақты әрекет алгоритмдерін меңгерді.

«Шеврон» компаниясы – Қазақстанда тек экономикалық өсімді ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты да басты құндылық санайтын серіктес. SAQ – бұл жай ғана жоба емес, қауіпсіз болашаққа бағытталған жол. Бұл бастама арқылы еліміздің әр мектебі төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтерілді.

Қауіпсіздік – кездейсоқтық емес. Ол — білім мен дайындықтың нәтижесі. SAQ арқылы еліміздің болашағы саналатын балалар сол біліммен қарулануда. Ал бұл жолда мемлекеттің, ұстаздардың, ата-аналардың және «Шеврон» секілді жауапты серіктестердің күш біріктіруі – ел ертеңіне жасалған ең үлкен инвестиция.


#Абай облысы, #Білім, #мұғалім, #ТЖД, #Шеврон компаниясы