Семейде Ұлттық ұланның әскери бөлімі екі жүзге жуық жас сарбазбен толықты

Семейде Ұлттық ұланның әскери бөлімі екі жүзге жуық жас сарбазбен толықты

 «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөліміне келген жас толымның алғашқы легі Жетісу, Қарағанды, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан шақыртылған. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан – жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр–сырын үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.

        - Еліміздің бес облысынан әскери бөлімге келетін 1-2026 жылғы шақырылым сарбаздарының саны үш жүзден астам болады. Жас толымның алғашқы легін теміржол вокзалынан әуелеген оркестр әуенімен қарсы алдық. Жас толықтырушыларды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі салтанаты түрде күтіп алды. Оларға әскери бөлім алдында қойылған міндеттері жеткізіліп, бөлім тарихы мазмұнды түрде баян етілді, - дейді 5511 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы майор Бақтияр Утеулиев.

 Сарбаздарды зерделеу кезінде басты назар білім деңгейіне, мамандығының бар болуына, іскерлік және сипаттамалық қасиеттеріне аударылады. Жоспарға сәйкес,жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Жас толым үшін Отан алдындағы борышты өтеу –алға қойған алғышарттардың бірі.

     - Мен әскерге өз еркіммен келдім. Отан алдындағы борыш өтеу барысында ең маңызды қасиеттер олар төзімділік, тәрбие және де адалдық. - дейді, қатардағы жауынгер Нұржан Амангелді.

Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін алдағы бір жыл ішінде тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеру тиіс. Айта кетейік, жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі тамыз айына жоспарланған.


#Семей, #Ұлттық Ұлан, #сарбаз