Қоғам 53 қаралымabaidan.kz

Семейдің сәніне айналған саябақ

Семейдің сәніне айналған саябақ

Семейдің Қарағайлы ықшам ауданында Республика күні қарсаңында ашылған саябақ бір жыл ішінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Бүгінде ол қаланың көркін келтіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін және мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасып келеді.

Семейдің сәніне айналған саябақ

Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, балалар ойын алаңдары, сахна және ашық іс-шараларға арналған алаңдар бар. Көгалдандыру жұмыстары барысында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеті, 9 500-ден астам сәндік бұта және 8 мыңға жуық көпжылдық гүл егілген.

Семейдің сәніне айналған саябақ

Саябақтың ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли жаңа нысанның Семейдің әлеуметтік және мәдени келбетін айқындайтын маңызды орын екенін атап өткен болатын. Сол кезде қала зиялылары мен қоғамдық кеңес өкілдері саябаққа «Республика алаңы» немесе «Республика саябағы» деген атау беруді ұсынып, бастама облыс басшысы тарапынан қолдау тапқан еді. Сонымен қатар аумаққа Қазақстанның Мемлекеттік Туын орнату жоспары да айтылды.

Семейдің сәніне айналған саябақ

Саябақтың ерекшелігін айқындайтын нысандардың бірі – қазақ халқының тарихи мұрасы мен ұлттық болмысын бейнелейтін «Алтын адам» ескерткіші. Ал аумақтың биіктен түсірілген көрінісінде киіз үй бейнесінің бедерленуі ұлттық нақышты айқындай түседі. Бұл нышандар өткен мен бүгіннің рухани сабақтастығын көрсетіп, жас ұрпақтың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңістіктің тұрғындар өміріне сіңісіп кеткенін олардың күнделікті тыныс-тіршілігінен байқауға болады. Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Қалиұлы немерелерін ертіп саябаққа келгенде, бұрын бос жатқан аумақтың көрікті демалыс орнына айналғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Бұрын бұл жақ бос жер болатын, ал қазір осындай әдемі, жайлы демалыс орны пайда болды. Айналасы жасыл желекке толы, балаларға арналған ойын алаңдары мен Алтын адам ескерткіші ерекше көрік беріп тұр. Отбасымен серуендеп, демалуға таптырмас орын», – дейді тұрғын.

Семейдің сәніне айналған саябақ

Саябақта мерекелік концерттер мен мәдени іс-шаралардың өткізілуі де оның қоғамдық маңызын арттыра түсуде. Алдағы уақытта ұлттық өнерді дәріптейтін бағдарламалар, балаларға арналған шығармашылық сабақтар мен танымдық кездесулер ұйымдастыру қоғамдық кеңістіктің мәдени-ағартушылық әлеуетін кеңейте алады. Дегенмен саябақтың ұзақ мерзімді құндылығы оның бастапқы көркін сақтап, инфрақұрылымын күтіп ұстауға байланысты. Жасыл желекті қорғау, тазалықты сақтау, жарықтандыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тұрғындарға жыл бойы қолайлы жағдай жасаудың маңызды шарттары.

Семейдің сәніне айналған саябақ

Қарағайлыдағы саябақтың бір жылдық тәжірибесі қоғамдық орындардың қала өміріндегі маңызын көрсетеді. Мұндай нысандар тұрғындардың демалысына жағдай жасап қана қоймай, мәдени өмірді жандандырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. Қаланың көркі салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың халық игілігіне қаншалықты қызмет ететінімен өлшенеді. Семейдегі жаңа саябақ елдік идея мен күнделікті тіршілікті тоғыстырып, қаланың мәдени келбетін қалыптастыруға өзіндік үлес қосып келеді.