Шалғай ауыл – қазақы болмыстың қайнары

Шалғай ауыл – қазақы болмыстың қайнары

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, өмір сүру дағдысы мен рухани құндылықтарының түп тамыры – ауылда жатыр. Әсіресе шалғайда орналасқан, табиғатпен етене өмір сүріп жатқан ауылдар – нағыз қазақы болмыстың қайнары, ұлттық рухтың мәйегі десек, артық айтқандық емес. Жалпы ауыл – қазақ халқының қайнар көзі, рухани тірегі. Ұлттың тілі, дәстүрі, тарихы мен мәдениеті ең алдымен ауылдан бастау алады. Елдің ертеңін ойлайтын әр азамат үшін ауылдың тыныс-тіршілігі мен болашағы бей-жай болмауы тиіс. Бүгінгі таңда Абай облысында ауылдарды дамытуға ерекше назар аударылып жатқаны – осының айқын дәлелі.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің шалғай ауылдарға арнайы барып, халықпен кездесуі – ауыл өмірін жандандыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Ұзақ жылдар бойы ұмыт қалған, кезінде аудан орталықтары болған Шар қаласы, Баршатас, Таскескен, Қайнар ауылдары бүгінде қайта жандану үмітін ұялатып отыр. Ширек ғасырдан астам уақытта халық үдере көшкен бұл ауылдарда инфрақұрылым тозып, тіршілік баяулаған болатын. Ендігі міндет – осы қиындықтарды еңсеріп, ауылдарды жаңғырту.

Соның бірі – кезінде мал шаруашылығының арқасында дүрілдеп тұрған Шұбартау ауданының орталығы Баршатас еді. Ол кезде бір ауданның өзіне 9 ауыл қарайтын. Баршатас ауылы қазіргі аудан орталығы Аягөзден 175 шақырым қашықта, Қарағанды қаласына баратын үлкен жолдың бойында орналасқан. Аудан орталығы дәрежесінен айрылған соң, халық болашағы жоқ деп ауылдан үдере көшкен еді. Содан бері елді мекен тозып кеткен. 

Облыс басшысының қазіргі Аягөз, бұрынғы Шұбартау ауыданының Байқошқар, Емелтау сияқты ең шалғай ауылдарға арнайы ат басын бұруы – бұрын-соңды болмаған іс. Бұған дейін бірде-бір облыс әкімінің табаны тимеген. Бұл – жергілікті тұрғындардың үмітін оятып, сенімін күшейтетін маңызды қадам. 

Емелтау - Қарағанды облысымен шектесетін, аудандағы ең шалғай елді мекендердің бірі болса,  Байқошқар – көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеге келген, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы білім алған, өсіп-өнген ауыл. 

Мәселен, Байқошқар ауылының әкімі Бақтияр Жағыпаровтың қоныс аударушыларға мал беріп, жағдайын жасап ауылға шақырып жатқан игі бастамасы қолдауға тұрарлық. Бұл – тек ауылды сақтап қалу емес, елдің болашағына салынған инвестиция. Қазірдің өзінде Зайсаннан бір отбасы көшіп келіп, жаңа өмір бастаған. Бұл – ауылды қайта тірілтудің жарқын көрінісі.

Ауылдың жағдайын жақсарту – тек жол салып, жарық тартумен шектелмейді. Бұл – халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеріп, жұмыс орындарын ашып, жастарды ауылға тарту. 

Облыс әкімі Берік Уәли Баршатас ауылында Шұбартау өңірінің ақсақалдарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.  Ақсақалдар жолдың жағдайы, интернеттің баяулығы, ауыз судың сапасы, су қоймаларын жаңғырту, кен орындарын жергілікті жерде тіркеу, мал өнімдерін қайта өңдеуге қатысты ойларымен бөлісті. Аймақ басшысы кездесуде ауылдағы мәселелердің кезең-кезеңмен, жүйелі түрде шешілетінін айтып, шалғайдағы елді мекендердің ешқайсысының назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Әкім мен ақсақалдардың бірлесе ақылдасуы, шешімдерді халықпен кеңесе отырып қабылдауы – нағыз халықтық басқарудың үлгісі десе болады.

Абай облысында басталған бұл жұмыстар еліміздің өзге өңірлеріне де үлгі болары анық. Өйткені ауыл – ұлттың түбірі. Ал түбірі мықты елдің болашағы да баянды болмақ.

Шалғай ауыл – қазақы болмыстың алтын бесігі. Ол – ұлттық сананың қайнар көзі, рухани байлықтың ошағы. Сондықтан шалғай ауылдарды қолдау, дамыту – тек экономикалық емес, рухани стратегиялық маңызы зор іс. Себебі ауыл бар жерде – қазақылық, ауыл бар жерде – болмыс, ауыл бар жерде – елдің іргесі берік!

Ауылды дамыту – елді дамыту. Әрбір тұрғынның елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі ауылдан басталады. Сондықтан осындай игі бастамалар жалғасын тауып, әрбір ауыл гүлденсе – Қазақстанның болашағы да жарқын болмақ.

Суреттер интернеттен, Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды.


#Семей, #Абай облысы, #Абай облысының әкімі