«Таза Қазақстан»:Абай облысында үлгілі ауылдарға жаңа техника табысталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады. Шара барысында өңірдің 10 ауданы мен 10 ауылына JINMA 904A маркалы 20 жаңа трактордың кілті табысталды,-леп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.



Байқау қорытындысы бойынша үздік елді мекендер 20-ға жуық аталым бойынша анықталды. Атап айтқанда, интернетпен қамту, абаттандыру мен көгалдандыруда креативті тәсілдерді қолдану, тұрмыстық қалдықтарды басқаруды ұйымдастыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды, туризмді, саябақтар мен жасыл желектерді дамыту, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау, мәдени мұраны қорғау, жол сапасын жақсарту, сенбіліктер өткізу, тұрғындарды экологиялық іс-шараларға белсенді тарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, экономикалық әлеуетті нығайту, қоғамдық орындардың тазалығы және меценаттармен жұмыс секілді бағыттар назарға алынды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі тазалық мәдениетін қалыптастыру – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу ғана емес, бұл – өңірімізде қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, өзімізге керек» деп ерекше атап өткен. Облысымыздың тазалығы – тек әкімдік пен коммуналдық қызметтің емес, әрбір азамат пен әрбір отбасының жауапкершілігі. Бүгінгі марапат – сіздердің бірліктеріңіз бен еңбекқорлықтарыңыздың жемісі. Табыс етілген жаңа техникалар ауылдардың көркеюіне, таза әрі жайлы болуына қызмет етеді деп сенемін. Бұл байқауды дәстүрге айналдырып, келесі жылы да жалғастырамыз, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, облыс әкімі жыл басында өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырған болатын. Сонымен қатар, жыл соңында арнайы байқау өткізіліп, үздіктер анықталатынын хабарлаған еді.

Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылды. Тазалық науқандарына 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, 52 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылды. Көгалдандыру нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Сондай-ақ ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орны толықтай жойылды. Бұл бастамалар өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ауылдар мен қалалардың көркеюіне серпін беріп отыр. «Таза Қазақстан» – тек акция емес, болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыруға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарлама.

#Семей, #Абай облысы, #ауыл, #"Таза Қазақстан" акциясы